Ислам елдері азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін талқылайды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сауд Арабиясында Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы Бас ассамблеясының екінші сессиясы басталады. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді, деп жазады Кazislam.kz.

«Қазақстандық делегацияны Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров басқарады. Мұсылман елдерінің ауылшаруашылық министрлері азық-түлік қауіпсіздігі мәселелерін талқылайды. Олар тәжірибе алмасу арқылы азық-түлік қауіпсіздігін нығайту мен дамыту үшін нақты шаралар қабылдайды», — дейді А.Смадияров.

Бұл сессия Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы Бас ассамблеясының толыққанды институционалды қалыптасуында маңызды қадам болмақ.

«Бас Ассамблеяның Төрағасы мен Төрағасының орынбасары, сондай-ақ тең құқылы аумақтық өкілдік қағидаттары негізінде осы ұйымның Бас директоры және Атқарушы кеңестің мүшелері сайланады», — деді министрлік өкілі.

Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы 2011 жылы ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен ИЫҰ мүше елдердің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін шешу үшін құрылды. Қазіргі уақытта 33 мұсылман мемлекеті АҚЫҰ мүшесі болып табылады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы