Подполковник: Еліміздің батыс өңірі – теңіз жаяу әскери бригадасының қорғауында
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Отан қорғаушылар күні мерекесінің қарсаңында теңіз жаяу әскері бригадасының командирі, гвардия подполковнигі Мұрат Арапбаевпен әңгімелескен едік.
Тілші: Алдымен, сізді жəне сіздің ұжымыңызды Отан қорғаушылар күнімен құттықтауға рұқсат етіңіз. Өзіңіз қызмет атқаратын 25744 әскери бөлімі туралы айтып өтсеңіз, қашан құрылды, мақсаты қандай?
Мұрат Арапбаев: Рахмет. Біздің теңіз жаяу әскери бригадасының тарихы 1942 жылы Алтай өңіріндегі Алейск қаласында құрылған атқыштар полкынан бастау алады. 1941-1945 жылдардағы Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде полк 7750 қарсылас сарбазды және офицерді, 86 танк, 415 пулемет, 260 миномет, 152 БТР, 860 автокөлік және 3 ұшақтың көзін жойған болатын. Соғыс аяқталғаннан кейін полк Вена қаласынан Капашвар қаласына қоныс аударды. Ал 1946 жылы Катта-Курган елді мекеніне, 1960 жылы Самарқанға ауыстырылды. 1971 жылы Жамбыл облысы, Гвардейский елді мекеніне көшіріліп, атауы екінші жеке гвардиялық атқыштар бригадасы болып өзгертілді. 2002 жылы теңіз жаяу әскери бригадасы "Батыс" өңірлік қолбасшылығының қарамағына енді.
Тарихқа көз жүгіртсек, теңіз жаяу әскері кезінде өз әскери қызметтерін әскери кемелерде атқарған. Ұрыс кезінде кеме жеке құрамын қолдап, порттар мен әскери теңіз базаларының қорғанысы бола білген. Тарихта теңіз жаяу әскерилерінің жеңістері көпшілік. 1941-1945 жылдардағы соғыста 40 теңіз жаяу әскери бригадалары соғысқан. Олар Мурманск, Таллинн, Севастополь, Одессаны қорғау амалдарын жүргізіп, Мәскеу, Ленинград және Сталинградты қорғау бойынша операцияларға қатысқан. Бірнеше теңіз жаяу әскери бригадасы құрлық фронттары сапында Берлинге дейін жеткен.Шығыс Еуропа елдерінің астаналарын азат еткен. Ол ерліктері ерекше бағаланып, бірнеше теңіз жаяу әскері Кеңес Одағының батыры атанған.
Тілші: 25744 әскери бөлімінің міндеті қандай жəне жеке тапсырмаларды орындай ма?
Мұрат Арапбаев: Басты міндет – мерзімді әскери қызметке шақырылған әскери қызметшілердің ұлтжандылық, патриоттық сезімдері мен Отанға деген сүйіспеншіліктерін ояту. Теңіз жаяу әскери бригадасының басты міндеттерінің бірі – Қазақстан Республикасының қорғаныс қабілетін нығайту, еліміздің Батыс өңіріндегі мемлекеттік шекарамызды қорғау, күтпеген жағдайға дайын болу үшін үнемі жауынгерлік дайындық үстінде болу. Қазақстан территориясының тұтастығы және мемлекеттік мекеме объектілерінің қорғанысын қамтамасыз ету. Бригадаға келесідей жауынгерлік міндеттер тапсырылған: біріншіден, мемлекеттік шекараны нығайту; екіншіден, қорғаныс жұмыстарын жүргізу; үшіншіден, арнайы әскери амалдар жүргізе білу.
Тілші: Сіздердің әскери бөлімге келген сарбаздарға не үйретесіздер?
Мұрат Арапбаев: Теңіз жаяу әскерлерінің басты мақсаттарына – теңізден жасалған шабуыл кезінде негізгі күштердің келіп жетуіне дейін теңіз жағасы плацдармын ұстап отыру. Ал қорғаныс амалдары кезінде құрлық бағыттарындағы әскери кемелер базасының пункттерін қорғау.
Тілші: Әскери бөлімге келген сарбаздарға не үйретесіздер?
Мұрат Арапбаев: Біздің жеке гвардиялық теңіз жаяу әскери бригадасы Қазақстан Республикасы қарулы күштеріндегі жалғыз теңіз жаяу бригадасы болғандықтан, өзіміздің ерекшелігімізге сай біздің сарбаздар әскери іс-қимылдарды құрлықта да және теңізде де жүргізуді үйренеді.
Тілші: Сіздерде сарбаз жинақтау талаптары қатаң шығар?
Мұрат Арапбаев: Біздің әскери бөлімге мерзімді әскери қызметшілерді жинақтау жоғары тұрған басшылық пен басқару құжаттамаларының талаптарына сай жүргізіледі. Десанттық-шабуылдаушы әскерлері және арнайы мақсаттағы бөлімшелермен бірге, біздің теңіз жаяу әскерлері бригадасына жинақтау талаптарына сай жүргізіледі. Атап айтсақ, бойы 170 сантиметрден жоғары болу керек, әскери-медициналық комиссия қорытындысы бойынша денсаулық жағдайының дұрыстығы және жоғары деңгейдегі дене дайындығы мен спорт саласында жеткен жетістіктері қажет. Сондай-ақ ҚР ҚК қатарында қызмет етуге деген ынтасы маңызды.
Тілші: Басқа елдермен тәжірибе алмасу қалай жүргізіледі?
Мұрат Арапбаев: Басқа елдермен тәжірибе алмасу шеңберінде жауынгерлік дайындық іс-шаралары халықаралық ынтымақтастық және жауынгерлік дайындықты жүзеге асыру жоспарына сай жүргізіледі. Бүгінде біздің теңіз жаяу әскери бригадасының әскери қызметшілері Үндістан еліндегі ҚР ҚК-нің біріккен бөлімше сапында бітімгерлік миссия орындап, әскери қызметтерін өтіп жүр. Одан бөлек, жуырда мен тәжірибе алмасу жоспарына сай қызметтік іс-сапарға Америка Құрама Штаттарына (Кентуки және Тенеси штаты, Кэмпел порты) барып, шетелдік әріптестерден, басқа елдердің Қарулы күштерінің дәстүрлері мен жарғылық талаптарымен, әскери қызметшілерді даярлау әдістерімен танысып, білімімді шыңдап келетін мүмкіндікке ие болдым.
Тілші: Жылына теңіз жаяу әскери бригадасында қанша сарбаз қызметтерін өтейді?
Мұрат Арапбаев: Көктемгі-күзгі шақыру жоспары мен кестесіне сай жыл сайын теңіз жаяу әскери бригадасында 1 мыңдай сарбаз ҚР заңымен бекітілген уақыт бойы мерзімді әскери қызметін атқарады. Екі шақырылым қорытындысы бойынша біздің теңіз жаяу әскери бригадамызда еліміздің барлық өңірлері мен облыстарынан сарбаздар жиналады.
Тілші: Әскери бөлімнің техникалық базасы туралы айтсаңыз. Қандай техникалар бар?
Тілші: Біздің білуімізше, әртүрлі әскери ойындарға (жарыстарға) қатысасыздар. Нәтиже жағы қалай?
Мұрат Арапбаев: Бригада жеке құрамы әр түрлі әскери сайыстарға және әскери оқу-жиындарына белсене қатысады. Ауқымдыларын атап өтсек: "Әлем Теңізі - 2003", "Батыс - 2004", "Рубеж - 2006", "Бірлестік - 2008" "Бірлестік - 2009", "Орталық - 2011", "Орталық - 201", "Қарату - 2016", "Теңіз десанты - 2016", "Батыс - 2018", "Мерген батальон - 2018", "Мерген батальон - 2019". Одан бөлек, біздің теңіз жаяу әскери бригадасының әскери қызметшілері бірнеше мемлекет аумағында өткізілген халықаралық әскери ойындарына қатысып, Ресей Федерациясында өткен "Танк биатлоны" және Өзбекстан Республикасында ұйымдастырылған "Әскери-медициналық эстафета" сайыстарында жүлделі орындарға ие болды. Аты аталған сайыстарда біздің әскери қызметшілер өздерін тек жақсы жағынан танытып, өз мамандықтарының нағыз шеберлері екенін тағы бір мәрте айқындап, жауынгерлік дайындықтың жоғары деңгейін көрсетіп, теңіз жаяу әскерилерінің бірлестігі мен бірлігін таныта білгені өте қуантады. Одан қалды, біздің теңіз жаяу әскери бригадасы еліміздің елордасы Нұр-Сұлтан қаласыннюда ҚР ҚК жоғарғы бас қолбасшысы – ел президентінің қолбасшылығымен 2015 және 2017 жылдары өткен әскери парадтың қатысушылары атанды.
Тілші: Сіздерде кадрлық саясат қалай жүргізіледі? Жетіспеген мамандарды қайдан шақыртасыздар?
Тілші: Келісімшартпен істейтіндер саны қанша? Сарбаздардың арасында келісімшартпен қалуға келісетіндері көп пе?
Мұрат Арапбаев: ҚР бас қолбасшысының қолдауының арқасында бүгінде Қазақстан армиясында жеке құрам жағдайын жақсарту мақсатында барша жағдай жасалған. Соңғы жылдары келісімшарт бойынша әскери қызметшілердің санының ұлғайуы қуантады. Қазіргі кезде келісімшарт бойынша әскери қызметшілер теңіз жаяу әскери бригадасы жеке құрамының 40 пайызын құрайды. Осы мақсатта тұрақты түрде жасөспірімдермен және ел тұрғындарымен жергілікті басқару өкілеттіктерімен бірлесе ҚР ҚК әскери қызметшілерінің имиджі мен мәртебесі туралы ақпараттық-тәрбиелік жұмыстар жүргізіліп жатыр. Менің ойымша, келісімшарт бойынша әскери қызметшілердің саны көбейуінің басты себебі ретінде теңіз жаяу әскери бригадасында әскери қызмет атқару үшін барлық жағдай жасалғандығы деп білемін. Болашақта қызмет бойынша көтерілуге жақсы мүмкіндіктер қарастырылған.
Тілші: Теңіз жаяу әскери бригадасының басқа әскери бөлімдерден айырмашылығы мен ерекшелігі неде?
Мұрат Арапбаев: Басты айырмашылығы – біздің теңіз жаяу әскери бригадасы ҚР қарулы күштерінде жалғыз теңіз жаяу әскери бригадасы болып табылады. Сол себепті, біздің орындайтын тапсырмаларымызда тым бөлек. Өйткені, біз әскери іс-қимыл амалдарды құрлықта да, теңізде де жүргіземіз. Географиялық жағынан бригаданың орналасқан тұрақты орны мен біздің өңірдің климатына байланысты, бригадада тек моральді-психологиялық дайындығы мен шыдамы жоғары, шымыр, мықты әскери қызметшілер сапта тұр.
Тілші: Әскерилерді баспанамен қамтамасыз ету бойынша жаңа заң күшіне енгені белгілі. Сіздерде бұл жағы қалай болып жатыр?
Мұрат Арапбаев: ҚР президенті, ҚР ҚК Бас Қолбасшысының үздіксіз және тұрақты қолдауының арқасында әскерде барша тұрғын-үй жағдайы жасалып, әскери қызметшілер мен олардың жанұя мүшелерінің барша сұраныстары қанағаттандырылып, тұрмыстық жағдайы жақсаруда. Мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен әскери қызметшілерге төмен пайызбен баспана алуға мүмкіндіктер ашылуда. Жуырда біздің әскери қызметшілерге және олардың отбасы мүшелеріне 25744 әскери бөліміне қарасты әскери қалашықтан салынған жаңа үйдің кілттерін табыстаған болатын. Одан бөлек, ҚР-ның әскери қызметшілерді баспанамен қамтамасыз ету туралы заңына сай әскери қызметшілерге ай сайын баспана жалдауға төлемақы беріледі.
Тілші: Сіздің ойыңызша, бір жыл – адамның әскери дайындығын шыңдау үшін жеткілікті уақыт па?
Мұрат Арапбаев: Иә, әрине, ҚР ҚК қатарындағы бір жылдың ішінде мерзімді әскери қызметтегі сарбаздарды қалаған барлық нәрсеге үйрету мүмкін емес те шығар, бірақ, біздің офицерлер мен сержанттар сарбаздармен өз тәжірибесімен бөлісіп, аталған уақытта білгендерін үйретуге барша күш-жігерлері мен ынталарын бағыттайды. Бір жылдық оқу бағдарламасының жоспарына сай, аталған уақытта мерзімді әскери қызметшілер әскери іске жекелей де және бөлімше құрамында да үйренеді. Жауынгерлік дайындықтары мен мемлекеттік-құқықтық даярлықтарын шыңдайды, дене тәрбиесінен дамып, моральді-психологиялық тұрғыдан берік болады. Біздің теңіз жаяу әскери бригадасының командирлерінің жоғары білім деңгейі мен мерзімді әскери қызметшілердің әскери істі меңгерудегі алдына қойған мақсаттары мен ынта жігерін ескере отыра, бір жыл уақыт ішінде жақсы көрсеткішке ие болуға болады деп есептеймін.
Тілші: Отан қорғаушылар күніне орай тілегіңізді білдірсеңіз?
Мұрат Арапбаев: Осы сәтті пайдалана отыра, барша әскери қызметке қатысы бар жандарды Тәуелсіз еліміздің Отан қорғаушылар күні мерекесімен шын жүректен құттықтағым келеді. Осы мамандықты таңдағаннан кейін, біз қызметтің барша қиыншылығы мен ауыртпашылығына шыдап, адал қызметімізбен еліміздің өркендеуі мен гүлденуіне орасан үлес қосуымыз қажет. Мерзімді әскери қызметшілерге тілерім – аман-есен үйлеріңізге оралып, ата-аналарыңызбен қауышуларыңызды қалаймын. Офицерлер мен сержанттар жеке құрамына қызметте сәттілік және өсіп-өнулеріңізді тілеймін. Барша Отандастарға, Қазақстандықтарға, аспанымыз ашық, еліміздің еңсесі биік, керегесі кең болып, әр отбасында ырыс пен құт-береке болсын дегім келеді. Еліміздің батыс өңірі -теңіз жаяу әскери бригадасының мықты қорғауында!
Тілші: Әңгімеңізге рахмет!