Ішкі туризм өңірлердің экономикалық дамуына серпін бере алады – депутат
Қазақстандықтардың ел ішіндегі туристік сапарларға жұмсаған шығыны бір жылдың өзінде 660 миллиард теңгеден асқан.
Қазақстанда 2025 жылы ішкі демалыс орындары 9 миллион туристке қызмет көрсетіп, азаматтардың ел ішіндегі туристік сапарларға жұмсаған шығыны 660 миллиард теңгеден асты. Алайда туристер санының өсуі туристік инфрақұрылымның сапасы да қатар жақсарғанын білдірмейді. Құрылтай депутаты Екатерина Смолякованың айтуынша, ішкі туризмді дамыту үшін инвестициямен қатар тиімді басқару мен түсінікті ережелер қажет. Бұл туралы ол ҚР Президенттік орталығында өткен Республика күніне арналған дөңгелек үстелде айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутаттың пікірінше, ішкі туризмді тек демалыс пен саяхат индустриясы ретінде қарастыру жеткіліксіз. Оның елдің тарихи мұрасын танытуға, ұлттық бірегейлікті нығайтуға және өңірлердің экономикалық дамуына ықпалы бар.
Өз елін танымай, оның тарихын терең түсіну қиын. Ал тарихын түсінбеген ұрпақ тәуелсіздіктің құнын толық сезіне алмайды, – деді Екатерина Смолякова.
Ол депутаттық қызметі аясында фракциясымен бірге Қазақстанның түрлі өңірлеріндегі ішкі туризмді, оның ішінде этнотуризм, гастрономиялық және агротуризм бағыттарын зерттегенін айтты. Оның сөзінше, әр өңірдің табиғаты, тарихи орындары мен мәдени мұрасы туристерді тартуға мүмкіндік береді.
Мәселен, Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Ұлытаудағы тарихи орындар мен Жошы хан кесенесі – Қазақстанның тарихи-мәдени әлеуетін танытатын нысандар. Мұндай орындарды дамыту ел азаматтарының өз тарихын тереңірек тануына ғана емес, шетелдік туристердің қызығушылығын арттыруға да ықпал етеді.
Туристер саны өсті, енді сапаға көңіл бөлу керек
Екатерина Смолякованың келтірген дерегіне сәйкес, 2025 жылы ішкі демалыс орындары 9 миллион туристке қызмет көрсеткен. Қазақстандықтардың ел ішіндегі туристік сапарларға жұмсаған шығыны бір жылдың өзінде 660 миллиард теңгеден асқан. Ал туризм саласына тартылған инвестиция көлемі шамамен 1,3 триллион теңгеге жеткен.
Бұл көрсеткіштер ішкі туризмнің экономикалық маңызы артып келе жатқанын аңғартады. Дегенмен депутат туристер саны мен инвестиция көлемін ғана негізгі өлшем ретінде қарастыруға болмайтынын айтты. Оның пікірінше, туризмнің нақты нәтижесі инфрақұрылымның сапасынан, қызмет көрсету деңгейінен, жаңа жұмыс орындарының ашылуынан және өңір тұрғындарының табысына қосқан үлесінен көрінуі керек.
Табиғи байлық – мүмкіндік. Ал сол мүмкіндікті экономикалық нәтижеге айналдыратын нәрсе – инвестиция, инфрақұрылым және ең бастысы, тиімді басқару, – деді депутат.
Оның айтуынша, табиғаты көркем немесе емдік ресурстары бар өңірдің туристік әлеуеті өздігінен толық ашылмайды. Ол үшін нысандарды жаңғырту, қызмет сапасын арттыру және ұзақ мерзімді дамуға бағытталған басқару жүйесін қалыптастыру қажет.
Инвестиция үшін түсінікті ереже керек
Депутат туризмді дамыту мәселесін кәсіпкерлік ортаның жағдайымен де байланыстырды. Оның пікірінше, жеке инвестиция тарту үшін мемлекет инвесторларға ұзақ мерзімге жоспар құруға мүмкіндік беретін тұрақты әрі түсінікті ережелер қалыптастыруы керек.
Мысалы, шипажайды сатып алған немесе басқаруына алған кәсіпкер нысанды жаңғыртуға қаржы салуы үшін оның инвестициясы өзін ақтайтын жағдай болуы қажет. Бұл ретте мемлекет тарапынан болжамды реттеу талаптары мен қолайлы инвестициялық орта маңызды.
Кәсіпкер адал жұмыс істеп, салық төлеуі керек. Ал инвестиция салуы үшін оған түсінікті ережелер мен қолайлы инвестициялық климат қажет, – деді Екатерина Смолякова.
Ол «Республика» партиясының ұстанымында кәсіпкерлік еркіндігімен қатар адал еңбек, жеке жауапкершілік және азаматтардың экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері маңызды орын алатынын атап өтті.
Депутаттың пікірінше, ішкі туризмді дамытуда мемлекеттің міндеті – барлық мәселені өзі шешу емес, кәсіпкерлерге жұмыс істеуге мүмкіндік беретін әділ әрі түсінікті жағдай қалыптастыру. Ал бизнес өз кезегінде нысандарды жаңғыртып, қызмет сапасын арттырып, заң талаптарын сақтауы керек.
Ішкі туризм өңірлерге не береді?
Туризмді дамыту, депутаттың сөзінше, тек демалыс орындарының санын көбейтумен шектелмеуі керек. Оның нәтижесі жергілікті халықтың тұрмысынан да көрінуі қажет.
Әсіресе ауылдық аймақтарда этнотуризм, гастрономиялық және агротуризм шағын кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік береді. Жергілікті өнім өндірушілер, қолөнершілер, қонақүй және қоғамдық тамақтану орындары туристік сұраныс арқылы табысын арттыра алады. Сонымен қатар жаңа жұмыс орындары ашылып, өңір экономикасы бір ғана салаға тәуелді болудан біртіндеп арылуы мүмкін.
Смолякованың пікірінше, тарихи мұраны сақтау, ішкі туризмді қолдау – бір-бірінен бөлек қарастырылатын мәселелер емес. Бұлардың барлығы азаматтардың өмір сапасына және елдің ұзақ мерзімді дамуына әсер етеді.
Осы бағыттарда мемлекет, кәсіпкерлер, депутаттар мен ғылыми қауымдастық бірлесіп жұмыс істеген жағдайда Қазақстанның туристік әлеуетін толық ашуға мүмкіндік бар.