Ішкі туризм: демалу және ем алу
Жалпы демалуға немесе ем алуға жылдың қай мезгілін таңдасаңыз да, өзіне тән бір белгілерімен айшықталатыны сөзсіз. Бір жағынан ішкі туризмді дамытсақ, екінші жағынан демалып та, ем алыпта жанымызға шипа табатынымыз рас. Осы мақсатта BAQ.KZ тілшісі баспасөз туры аясында Президент Іс басқармасы медициналық орталығына қарайтын "Оқжетпес" емдеу-сауықтыру кешеніне ат басын бұрған болатын.
Дертке шипа іздесеңіз, "Ақмарал"-ға барыңыз
Ішкі туризмнің өркен жаюына еліміздегі емдеу-сауықтыру орындарының да тигізер пайдасы зор екені бесенеден белгілі.
Сапар барысында Бурабайдың іргесінде орналасқан «Ақмарал» марал шаруашылығына келіп, ондағы маралдардан алынатын ем-дом құрамымен танысып, қалай күтім жасалатынын білдік. Қазіргі таңда марал шаруашылығында 200-ден астам бас бар екен.
Мүйізінен бастап қанына дейін дертке шипа болатын маралдың емдік қасиеті туралы халқымыз ежелден білген. Табиғатта кездесетін 22 түрлі аминқышқылының 18-і маралдың мүйізінен табылуы тегін емес.
Біз барған орталық маралды пантотерапия, мүйізі мен қанын пентогематоген процедуралары мақсатында пайдаға жаратуда.
Сондай-ақ маралды шаруашылығындағы демалыс аймағында демалып қана қоймай емде алып, табиғаттың тылысым күшінен қуат алып, маралдарды тамашалап, оларды қоректендіруге мүмкіндік алған
Бұл да болса, ішкі туризмді дамытып, келушілердің қатарын арттыруға септігін тигізері сөзсіз.
Бүлдіру оңай, өшіру қиын: "Бурабайдағы" жартастар вандалдардан қорғалады
Жолшыбай «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің ұжымы вандалдардың жартастарда қалдырған жазулары мен суреттерін тазарту бастамасын қолға алғанын білдік.
Қазіргі таңда Бурабай көлінің жағасындағы барлық жартастарда, сондай-ақ судың ортасында тұрған Жұмбақтаста да келушілердің «қолтаңбасы» қалған. Бояулардың көбі бірнеше қабат, тіпті қалыңдығы 1 см-ге дейін жетеді, өшіру қиын. Сарапшылардың пікірінше, тау-тастарды толық тазалап шығуға бір жыл уақыт кетеді екен.
Жартастарға жазу жазып, граффити салу зиянсыз әрекетке жатпайды, бұл нағыз вандализм. Мұндай «суретшілерді» қоғам тарапынан айыптап, жауапкершілікке тарту керек, айыппұл салу арқылы жазалаған жөн. Вандалдардың әрекеті Ұлттық парктің табиғи ландшафтының келбетін бұзады, сондай-ақ тау-тастарға орны толмас зиян келтіреді. Жартасқа бояу жағуға бірнеше секунд жеткілікті, ал тазарту үшін көптеген сағат жұмыс істеуге тура келеді, - дейді "Бурабай" МҰТП орманшысы Қайырбай Балтабаев.
Белгілі болғандай, 10 шаршы сантиметрлік бір әріпті өшіру үшін жағылған бояудың құрамы мен қалыңдығына байланысты 30-50 минуттай уақыт кетеді екен.
Ұлттық паркте адамдардың қашау немесе басқа да құралдарды қолданып жазуларды өз бетінше қолмен өшіруіне тыйым салынған. Себебі бұл тастың беткі қабатын жұқартып, бұзылуына әкеп соғуы мүмкін. Сондай-ақ, әртүрлі бояу еріткіштер қоршаған ортаға, әсіресе көлдердің биоалуандығына теріс әсер етеді.
Жартастарды тазарту үшін Ұлттық парктің қоршаған ортаға әсері аз, құрғақ ағынды вакуумды өңдеу арқылы жартастарды тазартатын арнайы құрал сатып алуына тура келді. Бұл жұмсақ әрі экологиялық тазарту әдісінің тау жыныстарының беткі қабатына әсері аз. "Бураба" МҰТП қолданатын технологияда жоғары қысымсыз, аз абразивті болып саналады.
Жаңа технология вакуум мен арнайы түйіршіктерді қолдануға негізделген. Тастың беті герметикалық түрде бекітілген реактивті сорғыш арқылы тазартылады. Дәл әрі жылдам бағытталатын абразив тастың бетін зақымдамайды, кір мен бояуды ғана кетіреді, - деп түсіндірді "Бурабай" МҰТП инженер-экологы Маржан Абдрахманова.
Мамандар "Бурабай" МҰТП территориясын вандалдардың жазуы мен суретінен тазарту ісімен Ұлттық парктің барлық орман шаруашылықтары кезекпен айналысып отырғанын айтып өтті.
Бурабайдың символы – Жұмақтасты тазарту кезегін қыс мезгіліне – көл бетіне мұз қататын уақытқа қалдыру туралы шешім қабылданғанын айта кетейік.
Жартастарды тазарту – парк қызметкерлері үшін ерекше маңызды жұмыс.
Сондай-ақ табиғатты қорғау саласының мамандары бұл экологиялық бастамаға туристер де атсалысады деген үміт бар екенін де жеткізді.
60 жылдық тарихы бар "Оқжетпес"
Одан кейінгі ат басын тіреген нүкте "Щучье-Бурабай" курорттық аймағында орналасқан "Оқжетпес" емдеу-сауықтыру кешені болды.
Сауықтыру кешенінің басшылығы шипажай дегенде көпшілік көбіне тек ем алатын орталық деп ойлайтын айтады.
"Qazaq nomad" жобасы бойынша бірнеше бағытта ауқымды жұмыс жүзеге асырылады. Мында еліміздің жауынгерлік өнерін дәріптеу мақсатында садақ ату орталығы жұмыс істейді. Арнайы мамандар демалушыларымызды мергендікке баулыса, әр аялдамадағы орындықтарға тақтайшаларға орнатылған QR-код арқылы демалушылар смартфондары арқылы сауықтыру кешенінің тарихын, жаңалықтарын оқып, "Қозы Көрпеш-Баян сұлу" лиро-эпостық жырының аудио нұсқасын да тыңдай алады, – дейді "Оқжетпес" емдеу-сауықтыру кешеннің басқарушы директоры Аян Ақмырзин.
Сондай-ақ ол "Qazaq nomad" жобасы бойынша бірнеше бағытта ауқымды жұмыс жүзеге асырылып жатқанында тілге тиек етті.
Жаз мезгілінде жақын маңдағы Қымызай ауылындағы қымызханамен серіктесіп, сауықтыру кешені аумағында жаңағы жоба аясында әр бейсенбі сайын дастархан жасалып, қазақтың ұлттық тағамы бауырсақ пісіріліп, демалушыларға құрт пен қымыз ұсынылады, – дейді Аян Ерденұлы.
Сонымен қоса, жетекші маман ем алушыларға жылдың төрт мезгілінде де қымыз үздіксіз берілетінін атап өтті.
Президент Іс басқармасының медициналық орталығына қарайтын "Оқжетпес" емдеу-сауықтыру кешенінде емдік шаралардың бірнеше түрі қамтылады.
Мамандардың айтуынша, жыл сайын 10 мыңнан аса тұтынушы келіп, медициналық көмек, емдеу-сауықтыру қызметін алады екен.
Биыл құрылғанына 60 жыл толатын сауықтыру кешені еліміздегі туризм өрісін дамытуға даайтарлықтай үлес қосып келе жатқанын айтпай өту мүмкін емес.
Мерекелік күндерде, маусымдық демалыс кезінде кешенімізге ем-дом алуға ғана емес, Бурабай баурайындағы керемет табиғатты тамашалауға келетін жандардың да қатары артып отыр.Медициналық қызмет түрлері бойынша ем қондыру шараларын жоғары білімді, білікті мамандар жүргізеді. Қарамағымызда 200-ден аса маман қызмет көрсетеді.Негізінен мұнда тірек-қимыл аппараты, жүрек-қантамыр сырқатына шалдыққандардың денсаулығын нығайтуға басымдық беріледі. Бұдан бөлек, бізде Алматы қаласында орналасқан "Almaty resort" сауықтыру кешені және жоспарда тағы да басқа қалаларда ашуды көздеп отырмыз. Тұмса табиғатта дем алам немесе ем алам деген әрбір азаматқа біздің есігіміз әрқашанда ашық, – дейді Президент Іс басқармасына қарасты 3 шипажайдың президенті Яков Стерлигов.
Яков Васильевич Стерлигов қазақ тілін еркін меңгерген азамат екенінде айтпай кету мүмкін емес. Ол журналистер қойған барлық сұраққа қазақ тілінде мүдірмей жауап берді.
Сауықтыру кешенінің жоғары санатты дәрігер терапевті, емдеу-сауықтыру бөлімінің меңгерушісі Любовь Коноплева мекеннің емдік қасиетеріне және мекеменің қызмет көрсететін бөлмелеріне тоқталып өтті.
Ем-шаралардың бірі жоғары қысымды су ағыны арқылы массаж жасалатын шарко душының пайдасы мол. Одан соң панталы бу саунасын қабылдағысы келетін тұтынушыны балқарағайдан жасалған бөшке ішіндегі марал пантасының сығынды сөлі мен буда ұстайды. Озеркитті бастырма емін жүргізу арқылы тамырларды кеңейтіп, қан айналымын жақсартады, зат алмасу үдерісі жақсарып, қабыну жойылады. Шипажайдағы терапиялық емнің тиімді әрі кеңінен қолданылатыны – балшықпен емдеу. Балқаш көлі мен Бурабай көлдері маңынан алынатын балшықтың химиялық, биологиялық құрамы жоғары, емдік қасиеті мол, ол тері ауруы, буын сырқырауын жақсартып, жүйке жүйесінің жұмысын қалыпқа келтіреді, – деді емдеу-сауықтыру бөлімінің меңгерушісі Любовь Коноплева.
Шипажайда инновациялық жоба ретінде нафталан емі қолданылса, өзінің қарамағында орналасқан Радион таза ауыз суы, шипалық қасиеті мол, сертификатталған суын да айта кету керек. Мөлдір бұлақ суын сол мезетте ішіп, ем ретінде қолданбаса, алып кетіп тұндырып ішкен кезде емдік қасиетін жоғалтатыны да бар екен. Сондай-ақ Әзербайжаннан әкелінген мұнай өнімі арқылы шипасы даритын нафталанмен емдеу ісі елімізде алғаш болып "Оқжетпес" емдеу-сауықтыру кешенінде жүзеге асырылып отыр.
Ішкі туризм ілгеріледі
Туризм – табысы мол сала. Ұлттық статистика бюросы таратқан деректерге сүйенсек, былтыр ішкі туризмге 9,7 млн адам тартылған. Мұнымен қоса, еліміздегі туристер демалатын орынжайлар да қомақты табыс тауып, рекордтық көрсеткішке – 229,2 млрд теңгеге қол жеткізіпті.
Әзірге туристер ең көп келетін аймақ ретінде Алматы қаласы көш бастап тұр. Шаһарға туризмнен 74,1 млрд теңге табыс түскен. Ал Астананы көруге келгендердің көрсеткіші бұдан 20%-ға төмен. Елорда туризмнің арқасында 45,4 млрд теңгеге пайда тапқан.
Мамандар туристер түнейтін нысандар 2023 жылы 8,1 млн адамға қызмет көрсетіп, жоғары көрсеткішке қол жеткізді деп отыр.
Ресми мәліметтерге сенсек, бір жыл ішінде Қазақстанға көз тігіп, қызығушылық танытқан туристер саны 156,9 мың адамға көбейген. Олардың қатарында Қытай, Үндістан, Оңтүстік Корея, Германия, АҚШ-тан келген саяхаттаушылар саны басым. Сондай-ақ Ресейден келетіндер саны да артқан.
Отандастарымыз ғана емес, шетелдіктер де табиғатына тамсанатын еліміздің ішкі туризмі әлемге танымал болып, мол табысқа жетеді деген үміт пен сенім мол.