Ішкі туризм 25 пайызға артты - Оралов
Өткен жылы еліміз миллионға жуық шетелдік туристті қабылдады, ал биыл бұл көрсеткіш 1,4 миллионға дейін өседі деп күтілуде, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл жайында Үкімет отырысында Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов айтты.
Дүниежүзілік туристік ұйым (UNWTO) туризмнің қайта қалпына келуі 2024 жылға дейін кешеуілдейді деп болжаған болатын. Дегенмен пандемияның ауыр зардаптарына қарамастан, өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан туризмі қалпына келді деуге толық негіз бар. Бүгінгі таңда отандық туристер саны 25 пайызға артып, 8,6 миллион адамға жетті. Бұл пандемияға дейінгі деңгейден шамамен 2 миллионға жоғары көрсеткіш, - деді Оралов.
Министрдің дерегінше, былтыр еліміз миллионға жуық шетелдік туристті қабылдады, ал биыл бұл көрсеткіш 1,4 миллионға дейін өседі деп күтілуде.
Жалпы осы цифрлар шетелдік қонақтардың Қазақстанға туристік бағыт ретінде қызығушылығының артқанын көрсетеді. Қонақ үйлердің саны 284 бірлікке ұлғайып, шамамен 4 мыңға жетті. Олардағы жалпы сыйымдылық 10 мың бірлікке көбейіп, 203 мыңнан астам төсек-орын бар. Туристерді орналастыру орындарының барлығы 2022 жылы жалпы 183 миллиард теңге табыс тапты, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 68 пайызға жоғары. Нәтижесінде туристік қызметтен түсетін салық түсімдерінің рекордтық деңгейі тіркелді. 2019 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш екі есеге артып, 389 миллиард теңгені құрап отыр, - деді Мәдениет және спорт министрі.