Ішкі нарықты өз өнімдерімізбен толтырамыз - Серік Жұманғарин

Шығыс Қазақстанға іссапармен Премьер-Министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин келді деп хабарлайды осы облыстағы BAQ.KZ тілшісі.

Ол аймақ басшысы Даниал Ахметовпен бірге облыс орталығындағы Жібек жолы даңғылының бойында салынып жатқан «Алтай» көтерме-тарату орталығына барып, құрылыстың қарқынымен танысты. Бүгінде орталықтың негізгі ғимараты, екі көкөніс қоймасы, қонақ үй, кросс-дог, әкімшілік ғимарат тұрғызылып жатыр. 

Көкөніс қоймасының ауданы – 10 мың шаршы метр. Мұнда қыста 18 мың, ал жазда 7 мың тонна көкөніс сақталуға тиіс. Аталған орталық ауыл шаруашылығы өнімдерінің кез келген түрін сақтай алатын болады, – деді орталық директоры Жанболат Қазанов.

Министр бұл нысанның логистикалық әлеуетін жоғары баға берді.

Бұл кешен ішкі нарықты агроөнімдермен толық қамтуы керек. Жобаның басты мақсаты – осы. Бірақ экспортқа да шектеу жоқ. Өнімнің кем дегенде 70 пайызы ішкі нарыққа жіберілсе болғаны. Жалпы, елде азық-түлік тапшылығы байқалмайды. Тек көкөнісі ұзақ сақтау жөнінен мәселе бар, енді бұл түйткіл де шешімін табуда. Тұрақтандыру қорына қашанға дейін тәуелді боламыз? Сондықтан Үкімет аталған жобаны қолдайды, – деді Серік Жұманғарин.

Министрі Шемонаиха ауданына барып, «Рулиха» ЖШС-не қарасты тауарлы сүт фермасының жұмысымен танысты. Фермаға 2020 жылдан бері голштейн-фриз тұқымды 600 сиыр әкелінген. Күніне 12 тонна сүт сауылады. 1 мың басқа арналған сауу цехы заманауи құралдармен жарақталыпты.

Израильдік «Afimilk» фирмасының аппараттары сүт өндірісін арттырды. Бір сиыр тәулігіне 40-50 литр сүт береді. Бірақ бұл тұқым өрісте жайылмайды. Күтіміне көп күш жұмсау керек. Сондықтан Украинадан екі білікті маманды шақырып отырмыз, – дейді «Рулиха» ЖШС-нің басшысы Серік Сағындықов. 

Шетелдік мамандар келгелі өндіріс көлемі ұлғайған әрі олар жергілікті жұмысшыларды үйретуде.

– Әріптестеріме дәрістер өткіземін. Фермада кәсіби ұжым қалыптасып келеді. Бастысы өңірде сүтке деген сұраныс көп, кәсіпорындар арасында бәсекелестік те бар. Бұл бағаның төмен, сапаның жоғары болуына әсер етеді, – дейді украиналық маман Василий Кузьмин.

Бұл кәсіпорынға мемлекеттен қолдау көрсетілген. Алғашқыда осы іске 2,7 миллиард теңге жұмсалса, оның 410 миллион теңгесі –кәсіпкердің өз қаржысы. Қалған соманы аграрлық несие корпорациясы арзан кредит түрінде берген. 

Пайыздық мөлшерлемесі – 16 пайыз, оның 10 пайызын мемлекет субсидиялайды, қалған пайызды өзіміз төлейміз, – дейді Серік Сағындықов.

«Рулиха» ЖШС-нің басшылығы сүт көлемі өсе берсе өңірдің сұранысын жауып, сатылмай қала ма деп қауіптенеді. Алайда министр Үкіметтің интеграция саясатын жетілдіруге мүдделі екенін айтты. 

Алдымен отандық өніммен өз елімізді толық қамтуға тиіспіз. Кәсіпкерлерге сол үшін де жан-жақты қолдау көрсетеміз. Министрліктің қабылдап жатқан көптеген шаралары ішкі нарықты нығайтуға бағытталған, – деді Серік Жұманғарин.

Сауда министрі Шемонаиха қаласында тұрғындармен және кәсіпкерлермен жүздесті. Көкейтесті мәселе көтергендерді жеке қабылдап, атқарушы орган өкілдеріне бірқатар тапсырмалар берді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: ШҚО әкімдігінің баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы