Ішкі нарықта бидаймен проблема болмауы керек – Смайылов

Бұл туралы үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Биыл еліміздің егіншілері үшін өте қиын жыл болды. Жаздың аптап ыстығы мен құрғақшылықтан алқаптағы егін қатты зардап шекті. Одан кейін тамыздан бастап осы күнге дейін үздіксіз жауған жауын-шашын астықтың сапасы мен түсімін төмендетіп жіберді. Қолайсыз ауа-райы диқанға да, техникаға да қолбайлау болды. Егін орағы ұзаққа созылып кетті. Элеваторларға түскен бидайдың 40%-ке жуығы ешқандай класқа жатпайды. Алайда, қазақстандықтар биыл наннан тарықпайды, – деді Әлихан Смайылов.

Оның айтуынша, өткен жылдан қалған қорды ескерсек, жиналған өнім көлемі ішкі нарықты толықтай қамтамасыз етуге жеткілікті.

Біздің фермерлерге мемлекет тарапынан қажетті қолдау шаралары көрсетілді. Атап айтқанда, әділ сатып алу бағасы белгіленді ).Айыппұл санкцияларын қолданбай, несиелер мен қарыздарды қайтару мерзімдері ұзартылды. Жеңілдетілген дизель отыны, оның ішінде астықты кептіру үшін қажетті отын көлемі бөлінді. Субсидияларды төлеу бойынша міндеттемелерді толық көлемде орындау үшін шаралар қабылданып жатыр. Осылайша, өсімдік шаруашылығы бойынша алғашқы 30 млрд теңге субсидиялары бөлінді, – деді ол.

Сонымен қатар ол бидайды тікелей сатып алу үшін тиісті қаржы бөлу туралы шешім қабылданғанын айтты.

Тағы да атап өткім келеді. Ішкі нарықта бидаймен проблема болмау керек.Ұн және нан өнімдері Азық-түлік корпорациясы мен өңірлік тұрақтандыру қорларының резервтері арқылы қамтамасыз етілген. Дегенмен, өсімдік шаруашылығында кейбір маңызды мәселелер әлі күнге дейін шешімін таппай отыр. Айталық, жергілікті атқарушы органдар заманауи суару технологияларын енгізу жұмыстарын дұрыс ұйымдастыра алмай келеді. Бұл су шығынын азайтып, өнімділікті арттыруға мүмкіндік берген болар еді.Еліміздің құбылмалы климатына бейімделген жергілікті сорттарды өсіруге ерекше көңіл бөлу керек, – деді Смайылов.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Үкімет баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы