Ішкі істердегі "бармақ басты, көз қысты" тамырымен жойылады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 1шілдеден бастап ҚР ІІМ тіркеу-емтихан қабылдау бөлінісі жойылып, оның функцияларын "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорпциясына беру туралы шешім қабылданды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз-конференциясында айтылды.
"Жақында Ішкі істер министрлігінде мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен кеңес өтті. Жиында Ішкі істер министрі Ерлан Тургумбаевтың бастамасымен тіркеу-емтихан қабылдау бөлінісін халыққа қызмет көрсету орталықтарына беру туралы шешім қабылданды", - дейді ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Әлібек Кеңесбаев.
Қазіргі уақытта мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында көлікті тіркеу, құжаттар мен мемлекеттік нөмір белгілерін беру бойынша құжат қабылдауды Мемлекеттік корпорацияның қызметкерлері жүргізеді.
"Полиция қызметкерлерң өз кезегінде Жол ережесін білуін тексеру үшін теориялық және практикалық тұрғыдан емтихан қабылдап, адамдар мен көлікті іздеу базасы бойынша тексеруден өткізіп, құжаттардың дұрыстығын тексереді. Кез келген бастаманың басты идеясы бар, "Бұл мәселе неден туындады?" деген сұраққа келетін болсақ, ең бастысы - халыққа қолайлы жағдай жасау. Өздеріңізге мәлімет ретінде айтайын: жыл сайын мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарына қарап-тексеру және одан әрі тіркеу үшін 1 млн 15 мыңнан астам автокөлік ұсынылады. Бұл - ұзын-сонар кезек. Бұл - адамдардың алтын уақыты және тұрғындар мұндай жағдайға қанағаттанбай жатады. Осы мәселенің бәрін ескеріп, анализ жасап, Қазақстанда бұрын тіркелген автокөліктерді қайталап тексеру жойылды", - дейді ол.
Сондай-ақ, Әлібек Кеңесбаев бұл шешімнің залал тұсы болмайтынын айтып өтті.
"Керісінше халықтың мемлекеттік қызметті оңтайлы сәтте алуына септігін тигізеді. Сондай-ақ ішкң істер саласындағы сыбайлас жемқорлық, "бармақ басты, көз қысты" сияқты әрекеттердің тамырына балта шабады", - дейді төраға орынбасары.