Ішкі істер министрлігі жүргізушілерге үндеу жасады
Ішкі істер министрлігі техникалық байқау, сақтандыру полисі және жүргізуші куәлігінің мерзімін уақтылы тексеру керектігін еске салды.
Ішкі істер министрлігі жол қозғалысына қатысушыларға үндеу жасап, техникалық байқау, сақтандыру полисі және жүргізуші куәлігінің мерзімін уақтылы тексерудің маңызын еске салды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Құрметті жол қозғалысына қатысушылар! Ішкі істер министрлігі құжаттарыңызды тексеруді кейінге қалдырмай, дәл қазір қарауды сұрайды. Мәселе тек техникалық байқау мен сақтандыру полисінің болуында ғана емес. Жүргізуші куәлігінің жарамдылық мерзімін де тексеріңіз. Бүгінде мұны бірнеше минут ішінде онлайн әрі кезексіз жасауға болады. Бұл жай ғана ереже емес. Бұл – сіздің және айналаңыздағы адамдардың қауіпсіздігі. Техникалық байқау – көліктің жарамдылығы. Сақтандыру полисі – жол-көлік оқиғасы болған жағдайда мүддеңізді қорғайтын құжат. Автоматты тіркеу камералары мұндай құқық бұзушылықтарды анықтап жатыр. Бұл шаралар жазалау үшін емес, тәуекелдердің алдын алып, өмірлерді сақтауға бағытталған. Қарапайым талаптарды сақтау – бұл сіздің қауіпсіздігіңіздің, сеніміңіздің және жолдағы тәртіптің кепілі. Заң мен тәртіп әрқайсымыздан басталады, – деді ІІМ баспасөз хатшысы Шұғыла Тұрлыбек.