Ішкі істер министрлігі 23 есірткі зертханасының көзін жойған

Жыл басынан бері полиция 23 есірткі зертханасын жойды, деп хабарлады BAQ.KZ тілшісі. 

Есірткі өндіргені үшін іздеуде жүрген күдікті ұсталды. Маусым айының соңында полиция қызметкерлері Алматы облысының Азат ауылында есірткі зертханасын жойды. Күдікті синтетикалық есірткі жасау үшін үйді жалға алған.Ол күтпеген қонақтардан аулақ болу үшін ұялы телефон арқылы бақылау мүмкіндігі бар жасырын бейнекамералар орнатқан. Қылмыс болған жерге соңғы рет оралғанда, полициядан күдіктеніп, есірткі, химиялық заттар мен жабдықтарды тастап қашып кеткен, - деді ІІМ қызметкері Шұғыла Тұрлыбек. 

Ол атағандай, барлығы 75 грамнан астам синтетикалық есірткі, сондай-ақ психобелсенді заттарды синтездеу үшін пайдаланылатын 4,5 келіден астам прекурсор тәркіленді.

Жиналған дәлелдер, үй иесі мен көршілердің айғақтары күдіктінің жеке басын анықтауға мүмкіндік берді. Араласатын ортасы, оған қатысты басқа да мәліметтер тексеріліп, жиі болатын жерлері белгілі болды. Күдіктінің тағы да бір есірткі өндірісін ұйымдастыруы мүмкін болғандықтан, полиция қызметкерлері оны біраз уақыт бақылауда ұстады. Оның елден қашу жоспары белгілі болған соң тәртіп сақшылары күдіктіні Еңбекшіқазақ ауданының Аймен ауылында ұстады. Тінту барысында одан 10 грамм мефедрон алынды, - деді ол. 

Тұрлыбектің айтуынша, жыл басынан бері полиция 23 есірткі зертханасын жойды.

Ал өткен жылы барлығы 13 жасырын есірткі өндірісі тоқтатылған болатын. Ағымдағы жылы заңсыз айналымнан 110 келіден астам «синтетика» тәркіленді. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда екі есе көп, - деді ол. 

Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылдың қазан айынан бастап «синтетика» есірткінің ауыр түрлеріне теңестірілген. Оларды сақтау үшін қылмыстық жауапкершілік 1 грамнан басталады. Аталған факті бойынша ұсталған күдіктінің мүлкі тәркіленіп, 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.    

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы