Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Талғарға барды
Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Аленов Талғардағы Шерзат Болаттың өртенген үйіне барды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
- Ішкі істер министрінің тапсырмасы бойынша мен оқиға орнына келдім. Жедел-тергеу тобы құрылды. Менімен бірге Ішкі істер министрлігінің өкілдері қызмет атқаруда. Бейнежазбалар тексеріліп, куәгерлерді анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қылмыскерлер ұсталып, жауапқа тартылатын болады. Қылмыстық іс министрдің ерекше бақылауында, - деді Бауыржан Аленов.
Айта кетейік, бүгін түнде Талғарда қаза тапқан Шерзаттың үйі өртеніп кетті. Куәгерлердің айтуынша, өрт сөндіру қызметінің жедел әрекетіне қарамастан, үй түгелдей өртеніп кеткен.
Алматы облысының полиция департаменті өрт фактісін растады. Бөтеннің мүлкін қасақана жою дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.
Сондай-ақ бүгін Бас прокуратураның басшылығымен қылмысты ашу үшін ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылды.