Ішіндегі ащы «дүниені» уксус арқылы басқысы келеді. Психолог суицидтің себептерін түсіндірді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының зерттеуі бойынша Қазақстан суицид көрсеткіші бойынша алдыңғы қатардағы елдерге жатады. Психолог Нұргүл Молдабайқызы суицид жасайтындардың психологиясына қатысты пікір білдірді.
Суицидке баратын адам да – қатардағы адам. Аутоагрессивті мінез-құлық дейміз. Оған кез келген адам баруы мүмкін. Адамның өмірі құнды. Бірақ адамға өмірді ата-ана береді, ал өмір туралы пікірді адамның өзі қалыптастырады. Осы тұрғыдан алып қарағанда адамның өзіне берілген нығметтен бас тартуға шешім қабылдауы терең себептерге байланысты болады. Ең алғашқы себебі, суицид жасаған адам үшін оның өмірі құнды не құнды емес мәселесі. Суицид жасаған адамның таразысында өмір құнсыз болып тұр. Суицидтің де түрлері бар. Ол назар аударту үшін де жасалуы мүмкін, - деді психолог.
Оның айтуынша, суицид жасауда оқиғалылық та болуы мүмкін.
Оның себебі өте көп. Бірақ өз өмірін таразыға салған кезде өмірден бас тартуға бел буған адамдарды топтастыратын бір дүние бар. Тап қазіргідей осы мәселемен өмір сүру мүмкін емес деген себеп. Ол адам басқаша өмір сүруді қалайды. Ал қалай басқаша өмір сүру керегін өзі де білмейді. Маған келетін суицид жасауға ниеті бар адамдардың барлығы осындай ұстаныммен келеді. Қандай жағдайда өмір сүргісі келетініне тәжірибесі жетпейді. Осы мәселені өмір сүруді тоқтатумен шешкісі келеді, - деді Нұргүл Молдабайқызы.
Психолог атағандай, суицидті ауру деп атау кеңестік кезеңнің сұрқия сарқыншағы.
Себебі кеңестік кезеңде психологияны медициналық тұрғыда адамның жеке басын қоғамға сәйкестендіруге пайдалану саясаты болды. Қазір психология адамды қоғамға сай келтірумен мүлдем айналыспайды деп айтуға болады. Қазір психотерапия деген жеке сала бар. Осы тұрғыдан қарағанда адамның жекелігін одан әрі өсіру, жеке басының мәселесін шешумен айналысады. Яғни, суицид жасау міндетті түрде оны соңына дейін жеткізеді деген сөз емес. Суицид жасауға оқталып, нәтижесінде тірі қалған адамдар өмірін жалғастырып жатады. Менің тәжірибемде де ондай мысалдар өте көп, - деді ол.
Психолог суицид жасаудың тәсілдерін де психологиялық тұрғыда сипаттауға болатынын айтты.
Дәрі ішті, уксус ішті деп жатамыз. Осының түп-тамырына үңіліп қарайықшы. Адамның ішінде бір дүние болып жатыр. Соны дәрі арқылы басқысы келеді. Ішінде болып жатқан дүниесі соншалықты көп 40 дәрі арқылы басқысы келеді. Ішіндегі дүниесі соншалықты ащы уксус арқылы басқысы келеді. Осы тұрғыдан алғанда дәрі мен уксус ішу оқиғалары өлімге алып келетін иллюзия. Осының астарында адамның өмір сүруге деген талпынысын көреміз. «Менің ішімді зәр күйдіріп бара жатыр, осыны басқым келеді». Уксус ішкеннен де өмір сүрем дегенді көруге болады. Сол үшін де баланың ішкі күйінің қандай болып жатқанына ата-ананы назар аудартатын мәдениет қалыптастыру керек, - деді ол.
Маман айтқандай, іште белгілі бір жағдай болса, суицидке сыртқы мәселелер итермелеуі мүмкін.
Мысалы, коронавирусты алайықшы, кейбір адамның иммунитетінің мықтылығы сонша, індетті жұқтырғанын да білмей жатады. Ал иммунитеттің әлсіздігіне байланысты созылмалы ауруларды коронавирус жалмап кетіп жатқан дүниелер бар. Тура сол сияқты сыртқы себептер жан дүниенің жағдайына қатысты суицидке итермелеуі мүмкін, - деді ол.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Астанада Иманбаева және Ақан сері көшелері жабылды
Келесі жаңалық
“Жан Шуақ” сыйлығының лауреаттары марапатталды
Өзгелердің жаңалығы