Ішімдік пен есірткіге мас күйде көлік жүргізген прокурор лауазымынан айырылып, қамалды
Өскеменде прокурор мас күйінде көлік айдап, жол апатын жасағаннан кейін қызметінен босатылды. Оның қанынан алкоголь мен марихуана табылған. Сот шешімімен 20 тәулікке қамауға алынып, 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Әлеуметтік желілерде "Өскемен қаласының прокуроры Вилори Пан автокөлік жүргізіп келе жатып, жарық шамы орнатылған бағанаға соғылған және полицейлерден қашпақ болған. Сараптама оның қанынан алкоголь мен марихуана анықтаған" деген ақпарат тараған.
Шығыс Қазақстан облысы прокуратурасының баспасөз қызметі бұл мәліметтерді тура растамағанымен, келесіні хабарлады:
Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы мәлімдейді: құқық қорғау органының беделін түсіретін теріс қылық жасағаны үшін Өскемен қаласы прокуратурасының бөлім прокуроры Пан В. Б. "Құқық қорғау қызметі туралы" Қазақстан Республикасының заңы негізінде прокуратура органдарынан "1-сыныпты заңгер" сыныптық шенінен айыра отырып, қызметінен босатылды.
Сондай-ақ 2025 жылдың 3 қазанында өткен Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соттың қаулысына сәйкес, ол ӘҚБтК-нің 608-бабы 3-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынды және көлік құралын басқару құқығынан 7 жыл мерзімге айырылды.
Соңғы уақытта прокуратура органдарында мұндай бірнеше жан орын алды. 2025 жылғы 17 қыркүйекте Өскемен қаласының прокуроры Тимур Чакпантаевқа қатысты қызметтік тергеу жүргізіліп жатқаны, ол қызметтен уақытша шеттетілгені хабарланды. Ал 28 қыркүйекте Рудный қаласының прокурорының қамауға алынғаны белгілі болды.
Сондай-ақ, бұған дейін Ақтау прокуроры Ерболат Әбдіров те қызметінен уақытша шеттетілген болатын. Ол Алматы әуежайында ұсталған болатын. Кейіннен оның кінәсіз деп танылған еді.