Ішек обырынан сақтайтын тағам анықталды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Аптасына үш рет балық, балық тағамдарын тұтыну арқылы ішек обырына шалдығу қаупін азайтуға болады, дейді обырды зерттеу Халықаралық агенттігінің мамандары. Бұл туралы The Telegraph басылымы жазады.
15 жылға созылған зерттеуге 476 160 еуропалық қатысқан. Балықты тағамына көп қолданған азаматтарда ішек обырына шалдығу қаупі 12 % төмендейді екен. Ұлыбританияда ішек обыры онкологиялық аурулардың ішінде төртінші орында тұр.Майлы балықпен қоса майсыз балық та ауруға шалдығу қаупін төмендетеді. Ал ас мәзіріне моллюскілерді қолдану еш нәтиже бермеген. Болжамға сүйенсек, бұндай нәтиже балықтардың құрамында спецификалық майлы қышқылдардың болуымен түсіндіріледі. Мысалы балықтың құрамында ғана бар омега 3 қабынуға қарсы әсер етеді екен.
Ал рационға скумбрия, ақсерке, майшабақ балықтарын енгізу арқылы жүрек-қан тамырлары аурулары қаупін төмендете аламыз дейді. Сонымен қатар балық тағамдары жүйке жүйесі ауруына шалдығуға қарсы әсер етеді екен.