Исатайлықтар да сайлаудан қалыс қалмауда
Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Еліміздегі саяси науқаннан Атырау облысына қарасты Исатай ауданы тұрғындары да қалыс қалмады.
Аудандағы аумақтық сайлау комиссиясына қарасты 15 учаскеде 17 мыңға жуық сайлаушы дауыс береді деп жоспарланған. Исатай ауданындағы аумақтық сайлау учаскесі шалғай елді мекен тұрғындарына да барлық жағдайды қарастырған.
«Исатай ауданында 16 966 сайлаушы тіркелген. Соның ішінде Қызылүй, Айбас, Ұштаған, Мыңтөбе сынды алыс шалғайдағы елді мекендерде 555 адам тұрады. Біз бұл сайлаушылардың да саяси науқаннан қалыс қалмай, дауыс беруіне жағдай жасадық. Арнайы автокөліктер бөлінген. Исатайлықтардың белсенділігі жоғары», - дейді Исатай ауданындағы аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Сәбит Меңдібаев.
Сайлауда белсенділік танытып, ерте келгендерге, сондай-ақ ақсақалдар мен ақ жаулықты аналарға учаскелік комиссия атынан естелік сыйлықтар ұсынылды. Мұнда алғаш рет дауыс бергендер де болды.
«Атырау мұнай және газ университетінің бірінші курс студентімін. Мен бұл сайлауға алғашқы рет қатысып жатырмын. Еліміздің болашағы үшін дұрыс таңдау жасадым деген ойдамын», - дейді Тұщықұдық ауылының тұрғыны Нұрбақыт Бектенова.
Исатай ауданында ешқандай заңбұзушылық пен өрескел қателік орын алмады.