Іс-шараларды ел жағдайына қарап өткізейік – саяси сарапшы

Саяси сарапшы Ерлан Ахмеди Ассамблея отырысының неге өзгеше форматта өтетінін түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

- Биыл ҚХА-ның отырысы онлайн өтеді. Неге мұндай шешім қабылданды?

Өкінішке қарай Қазақ елінің көптеген ауыл-аймағын су басып қалды. "Апат айтып келмейді" дейді атам қазақ. Алаш баласы осындай қиын-қыстау кезеңдерді бірліктің арқасында еңсере білгені, тарихтан белгілі. Қазіргі таңда мемлекеттің тарапынан нақты істер қолға алынуда. Зардап шеккен отандастарымызға барынша көмек көрсетілуде. Халқымыз бұл сынақтан да аман-есен өтетініне сенімдімін. Сондықтан осыған байланысты көптеген ірі іс-шарадан бас тарту немесе басқа форматта өткізу шешімі дұрыс бастама деген ойдамын.

Сіздің ойыңызша, Қазақстан мультивекторлы саясатты сәтті жүргізіп отыр ма?

Жалпы әлемдегі геосаяси ахуал күрделі екендігі мәлім. Шығыс Еуропадағы және Таяу Шығыстағы әскери қақтығыстар жалпы әлемдегі қаупсіздікке өзінің кері әсерін етуде. Осы орайда Қазақстанның мультивекторлы саясатын ерекше атап өткен жөн. Бейтараптық саясатымыздың нәтижесінде еліміз бірқатар мемлекеттің арасындағы кикілжіңдерді шешуге ықпал еткен болатын. Мысалға, Әзербайжан мен Армения сыртқы істер министрлерінің кездесуі Қазақстанда өтеді деген жоспар бар. 

- Бұл бағыттың ықпалды сақталуына не әсер етеді? 

Мультивекторлы саясатымыздың қалыптасуына тек геосаяси жағдайымыз ғана емес, сонымен қатар мультимәдени қоғамымыз да әсер еткені белгілі. Әлемнің әртүрлі нүктелерінде қақтығысып жатқан кейбір мемлекеттің диаспора өкілдері Қазақстанда тұратынын жақсы білеміз. Осы орайда сыртқы конфликтінің ішкі саясатымызға әсер етпеуі үшін, бұл мәселені реттейтін арнайы қоғамдық институттар қажет. Сондай институттардың бірі – ол Қазақстан халқы Ассамблеясы. Демографиялық көрсеткіштердің өзгеруіне байланысты, Ассамблеяның жұмысына да өзгерістер қажет болатыны белгілі. Айталық, жыл сайын қазақ тіліне деген сұраныс артып келуде. Жалпы, мемлекеттік тіл азаматтарымызды біріктіретін фактор екендігін ескерсек, ҚХА осы бағытта көбірек жұмыс істеп, нақты жобаларды іске асырғаны жөн. Яғни, бұл жобалар халқымызды бірлікке үгіттеп, сол арқылы мемлекеттілігіміз бен тәуелсіздігіміздің нығаюына септігін тигізуі керек. Демек, Ассамблеяның алдағы жұмысы Қазақстан азаматтарының қазақ тілінің аясында ұйысу, бірігу идеясы негізінде болуы керек деген ойдамын.

 - Әңгімеңізге рахмет!

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан
Өзгелердің жаңалығы