Волонтер жылы: Павлодарлықтар ірі географиялық кітапхана құруға мүдделі

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінің қоғамдық белсенділері жерлестерін ірі географиялық кітапхана құруға шақырды. Идея авторлары - Павлодар география үйінің өкілдері.

Павлодар география үйі осыдан алты жыл бұрын құрылып, бүгінде географиялық ілім-білімді тарату орталығына айналып үлгерді. Осы уақыт аралығында ірі танымдық жобаларды жүзеге асырды.


Қоғамдық бірлестік директоры Александр Вервекиннің айтуынша, ірі кітапхана құру идеясын жүзеге асыруға жұмыла атсалысқан абзал. Сонда ғана діттеген мақсатқа жетуге болады. Бұл туралы үкіметтік емес ұйым басшысы павлодарлықтарға ашық хат жазып, игі істі жүзеге асыруға үндеді. Қазіргі уақытта екі жыл бұрын ашылған рухани азық ордасының кітап қорын байытуға көмек қолын созушылар көбейген.

Қоғамдық географиялық кітапхананы ашуды 18 жыл армандадық. Мұратымызға 2018 жылы республикалық QazaqGeography ұйымының қолдауымен жеттік. 2012 жылға дейін жинақталған шағын кітапханамыз көпқабатты үйдің пәтерінде жинақталған еді. 12 жыл ішінде шамамен 900 дана кітап жиналып, кішігірім кітапхана қалыптасты. Бірақ, біз үй кітапханасы емес, қоғамдық деңгейдегі руханы азық орталығына айналғымыз келді. Осылайша, географиялық тақырыпта жазылған кітаптарды іріктеп, ірі кітапхана қалыптастыру мақсатын көздедік, - дейді Александр Вервекин.

Павлодар география үйінің қорында 19-ғасырда басып шығарылған кітаптардың түпнұсқалары сақтаулы. Мәселен, 1866 жылы Парижде жарық көрген Арнольд Бошковицтің Les Volcans кітабы бар. Географиялық бірегей әдебиет қоры жыл сайын молайып келеді. 

Бүгінде қоғамдық географиялық кітапхананың бірегей әдебиет қоры студенттер мен оқушылар үшін қолжетімді. Білім аламын деушілерге есігіміз ашық. Қордағы 450 кітап Қазақстан туралы болса, 300-ге жуығы көршілес Ресей туралы сыр шертеді. Бірегей құралдар география, биеогеография, геоморфология, географтардың өмірбаяндары, саяхатшылардың жазбалары сияқты бөлімдерде сұрыпталған. Бұл қорды байытуға мүмкіндіктер жетерлік. Тек ортақ мақста жолында жұмыла көтеріліп, жүгімізді көтерсек болғаны, - дейді идея авторы.

Айта кетейік, қазіргі таңда кітапхана 3 мың данаға жуық кітап бар. 3600-ден астам том мен баспа құралдары әдебиет сақтаулы. Бұған қоса, газет-журналдар коллекциясы оқырмандар үшін қолжетімді.

Ертіс өңірінде әлемдегі ең үлкен күйтабақтар музейі бар. Профессор, өнертанушы Наум Шафер 27 мың күйтабақ жинап, орталықты павлодарлықтардың мақтанышына айналды. 10 жыл ішінде 10 мыңға жуық пластинка цифрлық форматқа көшірілген. Бұл музей ел арасында "тарихтың дауысты шежіресі" атанып кеткен. Павлодар география үйінің мақсаты да сол, қоғамдық кітапхананы Павлодар облысының брендіне айналдыру.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы