Ірі бизнесте кредитті мақұлдау үлесі артты

2024 жылдың IV тоқсанында кредиттеу туралы банктерде жүргізілген сауалнаманың нәтижесі туралы ҚҰБ Қаржылық тұрақтылық және зерттеулер департаментінің директоры Олжас Кубенбаев айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ірі, орта және шағын бизнесті кредиттеу

Сауалнама нәтижесі бойынша осы жылдың IV тоқсанында шағын және орта бизнес есебінен жалпы кәсіпкерлік субъектілері тарапынан кредитке сұраныс біршама өскені байқалады.

Ірі бизнес тарапынан сұраныс тоқтаған жоқ. Банктердің пікірінше, ұзақмерзімді болжаудың күрделілігі ірі инвестициялық жобалардан түскен қаржыландыруға қатысты сұраныстың өсу үрдісін шектеді. Бұл ретте жекелеген банктер бірнеше инвестициялық жобаның жанданғанын атап өтті. Осылайша, өтінім беру көлемінің орташа мөлшері 13%-ға – т/т (тоқсаннан тоқсанға) 8,8 млрд теңгеге дейін төмендеуі аясында ірі бизнес берген кредиттік өтінімдердің жалпы саны 9%-ға – (т/т) 214-ке дейін өсті, - деді ол.

Өз кезегінде, банктер шағын және орта бизнес субъектілері тарапынан сұраныс өскенін, көбіне, мемлекеттік жеңілдетілген кредиттеу бағдарламалары аясында қаржыландыру ісінің қайта жандануымен байланыстырады. Есепті тоқсанда шағын бизнес сегментінде банктер шағын және микробизнес субъектілеріне арналған онлайн-өнімдерді іске қосты. Оның ішінде бөлшек сауда сегментіндегі кәсіпорындарға арналған бөліп төлеу жүйесі мен қарау рәсімдері жеңілдетілген және тартымды несиелеу шарттарымен жеке кәсіпкерлерге арналған өнімдер бар. Осылайша, шағын бизнестің кредиттік өтінімдерінің жалпы саны 10%-ға (т/т) артып, 930 мыңды құрады, ал орта бизнесте 2%-ға – (т/т) 4,7 мыңға дейін өсті.

Шағын бизнес субъектілері үшін кредиттік өтінімдерді мақұлдау коэффициенті 33%-ға дейін төмендеді, орта бизнес үшін 41% деңгейінде сақталды, ал ірі бизнес субъектілері бойынша 2024 жылдың соңында жинақталған өтінімдерді қаржыландыру салдарынан 60%-ға дейін ұлғайды.

Ипотекалық және тұтынушылық кредиттеу, автокредиттер

IV тоқсанның қорытындысы бойынша ипотекалық қарыздар мен автокредитке сұраныс өсті, есесіне тұтынушылық кредитке сұраныс төмендеді.

Банктер ипотекаға сұраныстың артуын құрылыс компанияларымен арадағы серіктестіктің жалғасуымен және жекелеген банк тарапынан жаңа өнімнің шығуымен түсіндіреді. Екінші жағынан, сұранысты тежейтін факторлар ішінде жеке банктер ипотекалық несиелеу портфелін өсірмей, кепілмен қамтамасыз ету құнына қатаң талаптарды ұстанғанын атап өтуге болады. Нәтижесінде кредиттік өтінімдердің жалпы саны 5%-ға (т/т) 228 мыңға дейін біршама өсті.

Тұтынушылық несиеге деген сұраныс аздап төмендеді. Банктер бұл үрдісті сыйақы мөлшерлемесінің жоғарылауымен байланыстырады. Сонымен қатар, жекелген банк тарапынан кепіл мүлкін бағалау көрсеткіші өзгергендіктен кепіл талаптары қатаңдай түскені сезілді. Осылайша, түскен өтінімдер саны 16%-ға – (т/т) 40,8 мыңға дейін азайды.

Кепілсіз тұтынушылық қарыздарға деген сұраныстың біршама төмендеуі ІІІ тоқсандағы реттеушілік өзгерістер аясында байқалды. Сөйтіп, түскен өтінімдер саны 20,2 млн-ды құрады, бұл өткен тоқсандағыдан 2%-ға аз.

IV тоқсанның қорытындысы бойынша автокредитке сұраныс арта түсті. Банктердің пікірінше, бұл көбіне автосалон-серіктестер тарапынан маркетингтік шешімдермен және олар ішінара субсидиялайтын бірқатар науқандық өнімдерді ұсынумен байланысты. Сұранысты арттыруға оң әсер етуші тұстар – осы сегменттегі кредиторлар тізімін кеңейту және ірі банктің автокредиттеу сегментіндегі цифрлық өнімдерді белсенді дамытуы. Осылайша, кредиттік өтінім саны 3%-ға – (т/т) 1,2 млн-ға дейін өсті, - делінген ақпаратта.

Ипотекалық өнімдер бойынша мақұлдау коэффициенті 3 п.т. (пайыздық тармақ) төмендеп, 31%-ды құрады. Келісім берілген кепілсіз қарыздар мен автокредиттердің үлесі өткен тоқсан деңгейінде сақталып, тиісінше 29% және 18%-ды құрады, ал кепілмен берілетін қарыздар бойынша мақұлдау үлесі 5 п.т.-ға өсіп, 36%-ды құрады.

2025 жылдың I тоқсанында банктер автокредитке сұраныс артады деп күтеді. Банктердің пікірінше, ипотекалық қарыздар мен кепіл арқылы берілетін тұтынушылық қарыздар бойынша сұраныс аздап төмендейді, ал кепілсіз қарыздар бойынша сұраныс 2024 жылғы ІV тоқсан деңгейінде қалады.

2024 жылдың IV тоқсанында кредиттеу бойынша банктер арасында жүргізілген сауалнамаға екінші деңгейлі 19 банк қатысты. Сауалнаманы Ұлттық Банк тоқсан сайын несиелік ресурстарға сұраныс пен ұсыныстағы өзгерістерді бағалау мақсатында жүргізеді.

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: BAQ.KZ архив
Өзгелердің жаңалығы