Бүгiн 2026, 13:48 Фото: AFH VIA GETTY IMAGES

Иранның жаңа жоғарғы көсемі туралы күтпеген мәліметтер белгілі болды

Иран билігі Моджтаба Хаменеи ауыр жараланғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды.

Иранның жоғарғы көсемі кеңсесінің рәсімдік басқармасы өкілі Мазахер Хоссейни елдегі саяси және әскери үдерістердегі рөліне қатысты талқылаулар күшейген тұста Моджтаба Хаменеинің денсаулығы туралы жаңа мәліметтер айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Оның сөзінше, Хаменеи денсаулығы мен қызметіне қатысты пікірлер Иран ішінде де, шетелде де әртүрлі бағаланып жатыр.

Al Araby телеарнасының мәліметінше, 28 ақпанда командалық нысандардың біріне соққы жасалған кезде Моджтаба Хаменеи оқу өтіп жатқан орында болмаған. Сондай-ақ ол тұрған үйге де шабуыл жасалып, салдарынан отбасы мүшелері қаза тапқан.

Шенеуніктің айтуынша, Хаменеи жарақат алған. Оның тізесі мен арқасы зақымданып, құлағының артынан жеңіл жарақат түскен. Жараға медициналық көмек көрсетілген. Кейін арқа жарақаты жазылғанымен, тізесін емдеу жалғасып жатыр.

Сонымен қатар ол Хаменеи басынан ауыр жарақат алды деген ақпаратты жоққа шығарды. Оның айтуынша, құлақтың артындағы кішкентай ғана кесік туралы сөз болып отыр және ол бас киімнің астында көрінбейді.

Хоссейни Моджтаба Хаменеи жағдайы тұрақты екенін және алаңдауға негіз жоғын айтты. Сондай-ақ оның ауыр жарақат алғаны туралы ақпараттарды шындыққа жанаспайды деп атады.

Ал Иран басшылығы жанындағы халықаралық істер басқармасының жетекшісі Мохсен Гоми Хаменеи мемлекеттегі үдерістерге, соның ішінде келіссөздер мен әскери іс-қимылдарды басқару мәселелеріне белсенді қатысып отырғанын мәлімдеді.

Иранды 37 жыл басқарған Али Хаменеи 1979 жылғы революцияны басқарған аятолла Рухолла Хомейнинің орнына келген еді. Ол 28 ақпанда Тегеранға жасалған АҚШ пен Израильдің соққысы салдарынан қаза тапқан.

4 наурызда бейресми ақпаратта Иранның жаңа жоғарғы көсемі ретінде марқұмның ұлы Моджтаба атала бастады. Ал 8 наурызда ол ресми түрде әкесінің мұрагері деп жарияланды.

Израиль әскері болса, Хаменеи мұрагерлерінің кез келгенін жоюы мүмкін екенін мәлімдеген.

Кейін әскери қақтығыс басталған алғашқы күні Моджтаба Хаменеи жараланғаны туралы ақпарат расталды. Кейбір дереккөздер оның комада жатқанын да хабарлаған еді.