Бүгiн 2026, 11:25 Фото: APnews

Иранның келесі рухани көшбасшысы кім болуы мүмкін?

Жаңа көшбасшысыны 88 дін қызметкері сайлайды

Иранның Жоғарғы көшбасшысы, аятолла Али Хаменеи 37 жылға жуық билікте болғаннан кейін қаза тапты. Бұл оқиға елдің саяси болашағына қатысты маңызды сұрақтарды алға шығарды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Apnews-тің хабарлауынша, конституцияға сәйкес, билік транзиті бірден арнайы тәртіп бойынша басталды

Иран Конституциясына сәйкес, Жоғарғы көшбасшы қызметі бос қалған жағдайда елді уақытша басқару үшін арнайы кеңес құрылады.

Бұл кеңес құрамына қазіргі президент, сот жүйесінің басшысы, Қамқоршылар кеңесінің бір мүшесі (оны Мақсатқа сәйкестік кеңесі тағайындайды) кіреді.

Қазіргі уақытта кеңес құрамында реформашыл президент Масуд Пезешкиан және консервативті сот билігінің жетекшісі Ғоламхоссейн Мохсени Эжеи бар.

Олар жаңа Жоғарғы көшбасшы сайланғанға дейін оның барлық міндетін уақытша атқарады.

Жаңа көшбасшыны 88 дін қызметкері сайлайды

Иран заңнамасына сәйкес, елдің жаңа Жоғарғы көшбасшысын 88 мүшеден тұратын Сарапшылар кеңесі (Assembly of Experts) мүмкіндігінше тез арада таңдауға тиіс.

Бұл орган толықтай шиит дінбасыларынан құралған және олар әр сегіз жыл сайын жалпыхалықтық сайлауда сайланады. Алайда үміткерлерді алдын ала Қамқоршылар кеңесі мақұлдайды.

2024 жылдың наурызында Қамқоршылар кеңесі бұрынғы президент Хасан Руханинің кандидатурасын қабылдамай тастаған еді. Рухани 2015 жылғы ядролық келісімге қол қойған салыстырмалы түрде байсалды саясаткер ретінде танылған.

Хаменейдің ұлы негізгі үміткер болуы мүмкін

Саяси шешімдер көбіне жабық түрде қабылданатындықтан, нақты фаворитті болжау қиын. Бұған дейін ықтимал мұрагер ретінде бұрынғы президент Эбрахим Раиси аталған болатын. Алайда ол 2024 жылдың мамырында тікұшақ апатынан қаза тапты.

Қазір ықтимал үміткерлердің бірі – Хаменейдің 56 жастағы ұлы, шиит дін қызметкері Мужтаба Хаменеи. Ол бұрын мемлекеттік қызмет атқармаған.

Әкеден балаға биліктің өтуі қоғамда наразылық тудыруы мүмкін. Кейбіреулер мұны ислам қағидаттарына қайшы және 1979 жылғы революциядан кейін құлатылған шах билігінің жаңа діни әулетке айналуы ретінде бағалауы ықтимал. 1979 жылы АҚШ қолдаған шах Мохаммед Реза Пехлеви биліктен кеткен болатын.

Мұндай ауысым бір рет қана болған

Иранда Жоғарғы көшбасшы билігінің ауысуы бұған дейін тек бір рет болған.

1989 жылы Ислам революциясының көшбасшысы Рухолла Хомейни 86 жасында қайтыс болды. Ол 1979 жылғы Ислам революциясынан кейін елді басқарған және Иран-Ирак соғысы кезінде жетекшілік еткен.

Қазіргі транзит 2025 жылдың маусымында Израиль мен Иран арасындағы 12 күндік соғыстан кейін болып отыр. Бұл жағдай елдегі саяси тұрақтылыққа қосымша қысым түсіруде.

Жоғарғы көшбасшының өкілеттігі қандай?

Ирандағы Жоғарғы көшбасшы – мемлекеттегі ең жоғары шешім қабылдаушы тұлға. Ол:

  • барлық мемлекеттік мәселелер бойынша соңғы сөз айтады;
  • қарулы күштердің бас қолбасшысы;
  • ықпалды Ислам революциясы сақшылар корпусын бақылайды.

Бұл құрылым 2019 жылы АҚШ тарапынан террористік ұйым деп танылған және Таяу Шығыстағы “Қарсылық осі” деп аталатын одақтастар желісін қолдап келеді.