Ирандағы жағдай саудамызға әсер етуі мүмкін – Жұманғарин
Бұл жайлы Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді.
Ирандағы геосаяси жағдай Қазақстан мен Иран арасындағы сауда қатынастарына белгілі бір деңгейде ықпал етуі мүмкін. Бұл жайлы Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрдің айтуынша, өткен жылы Қазақстан Иран нарығына бидай экспортында жақсы нәтиже көрсеткен.
Былтыр Иран нарығына бидай жеткізуде жақсы көрсеткішке қол жеткіздік. Экспортқа 1 млн 200 мың тоннадан астам бидай шығардық. Жалпы тауар айналым 430 млн долларға дейін жетті. Сол себепті қазіргі жағдай бұл процеске әсер етуі мүмкін. Қазір кәсіпкерлер шамалы тоқтап қалды, – дейді Жұманғарин.
Оның сөзінше, қазіргі таңда логистикалық байланыстар мен сақтандыру мәселелері өзгеріп жатыр.
Логистикалық байланыс пен сақтандыру шарттары өзгеріп жатыр. Ақша төлемі дұрыс бола ма, болмай ма – нақты айту қиын. Шамалы уақыт керек. Қазір нақты ештеңе айта алмаймыз. Былтыр да ахуал шиеленісті болды. Соған қарамастан тауарымызды жіберіп, ақшамызды алдық, – деді вице-премьер.
Бұған дейін Серік Жұманғарин "Қазақстанда мұнайға тәуелділік азайып келеді" деп мәлімдеген еді.