Кеше 2026, 12:21 Фото: BAQ.KZ коллажы

Ирандағы жағдай: Cарапшы екі негізгі сценарийді атады

Саясаттанушы Руслан Мақсат Иран төңірегіндегі жағдайдың ушығуы мүмкін екенін айтты.

Саясаттанушы Руслан Мақсат Иран төңірегіндегі жағдайдың ушығуы мүмкін екенін айтты. Оның пікірінше, алдағы апталарда қабылданатын саяси шешімдер қақтығыстың қысқа уақытта аяқталатынын не ұзаққа созылатынын анықтайды. Толығырақ BAQ.KZ тілшісі сұхбатынан оқи аласыз.

Көп адам бұл қақтығыстың қалай басталғанын толық біле бермейді. Иран мен Израиль арасындағы текетірестің түп-тамыры неден басталды? 1979 жылғы Ислам революциясы осы шиеленістегі басты бетбұрыс болды ма?

Тарихқа қарасақ, Иранның Батыс елдерімен қарым-қатынасы ұзақ уақыт бойы жақсы болған. XIX ғасырдағы Ұлыбритания мен Ресей арасындағы “Үлкен ойын” кезеңінен бастап, Иранның соңғы шахиншахы билік еткен уақытқа дейін елдің АҚШ-пен көршілік әрі серіктестік байланыстары сақталып келді.

Ресми түрде АҚШ пен Иран арасындағы қақтығыс 1979 жылғы Ислам революциясынан кейін басталды деп есептеледі. Алайда шах Мұхаммед Реза Пехлевидің билігінің соңғы жылдары АҚШ-пен қарым-қатынастың нашарлауымен ерекшеленді. Шахтың ішкі және сыртқы саясаты елде қатал авторитарлық жүйенің қалыптасуына, ішкі толқулардың күшпен басылуына және революцияға дейінгі он жыл ішінде Иранның әскери бюджетінің бірнеше есе өсуіне әкелді.

Алғашқы ірі қайшылықтардың бірі 1973 жылы туындады. Сол кезде Батыс елдеріне мұнай жеткізуге бойкот жарияланып, кейін бұл қадам мұнай экспорттаушы елдердің ОПЕК ұйымының ықпалын күшейтуге негіз болды.

1979 жылғы Ислам революциясы АҚШ-пен қарым-қатынастағы шешуші кезеңдердің бірі болды. Шахтың саясаты қайшылықты болса да, сол уақытта АҚШ-пен диалог пен байланыс сақталып тұрған еді. Ал Ислам республикасы құрылғаннан кейін жаңа билік шах елден кеткен соң жаңа қарсылас іздей бастады. Соның нәтижесінде Иран үшін басты қарсыластар ретінде АҚШ пен Израиль қалыптасты.

Сонымен қатар бір жайтты атап өткен жөн: шахтың әскерді жаңғыртуға бағытталған саясаты кейін жаңа исламдық билікке Ирак армиясына қарсы тұруға мүмкіндік берді. Уақыт өте келе бұл Иранның аймақтағы ең ірі әскери державалардың біріне айналуына ықпал етті.

Қазіргі шиеленістің ушығуында АҚШ қандай рөл атқарады? Вашингтон іс жүзінде Израильдің әрекеттерін қолдап, осылайша қақтығыстың өршуіне әсер етіп отыр деуге бола ма?

Менің ойымша, бұл қақтығыстағы негізгі бастама Израильден емес, АҚШ саясатының өзінен туындап отыр. Израильдің мақсаты түсінікті. Ол – Иранның ядролық қару жасау мүмкіндігін жою. Ал АҚШ-тың мүддесі – Жаһандық оңтүстік елдерінің бірін әлсіретіп, болашақта әлемдік негізгі энергия ресурстарына бақылауын күшейту.

Қазіргі АҚШ президенті демократ қарсыластарына қарағанда прагматик, realpolitik қағидатына көбірек сүйенеді. Оның түсінігінде халықаралық саясатта күшті мемлекет шешім қабылдайды. Белгілі бір дәрежеде бұл шындыққа жанасады, өйткені халықаралық құқық көбіне саяси күштердің арақатынасынан туындайды.

Дональд Трамп президенттік науқан басталған кезден-ақ БРИКС елдері ортақ валюта енгізетін болса, Жаһандық Оңтүстік мемлекеттеріне кедендік баж салығын салатынын айтып, ескерту жасаған болатын. Меніңше, 2025 жыл бойы АҚШ президенті тарифтік қысым арқылы БРИКС елдерімен келісімге келуге тырысты. Алайда бұл әрекеттер нәтиже бермеген соң, биыл БРИКС-ке қарсы ауқымды қарсы қадамдар жасала бастады. Оның көрінісін қаңтарда Венесуэлада, ал ақпанда Иран төңірегіндегі жағдайдан байқауға болады.

АҚШ үшін Иран мәселесі өте маңызды. Егер Иран әлсіресе, Қытай мен Үндістан сияқты елдер негізгі энергия жеткізушілерінің бірінен айрылуы мүмкін. Ал Ресей мұнайына салынған америкалық санкциялармен бірге бұл мұнай бағасының күрт өсуіне және осы елдердің экономикалық өсім қарқынының баяулауына әкелуі ықтимал.

Сондықтан менің ойымша, бұл тек бастамасы ғана. АҚШ-тың алдағы әрекеттері БРИКС елдерін әлсіретуге, өзінің ықпал аймағын кеңейтуге және әскери қуатын арттыруға бағытталуы мүмкін.

АҚШ бұл жағдайда қандай мақсаттарды көздеуі мүмкін? Бұл тек аймақтық мәселені шешу әрекеті ме, әлде одан кеңірек геосаяси стратегияның бір бөлігі ме?

Аймақтық тұрғыдан алғанда, АҚШ шынында да Израильді қолдайды. Қазіргі саяси жүйесімен Иран Израиль үшін әрдайым экзистенциалды қауіп болып қала береді. Ал Израиль – АҚШ-тың Таяу Шығыстағы негізгі одақтастарының бірі.

Көпшілік біле бермейтін тағы бір жайт – АҚШ-тың әскери-өнеркәсіп кешені белгілі бір деңгейде израильдік технологиялық әзірлемелерге де тәуелді. Сол себепті Израильді қолдау тек саяси немесе әскери одақтастықпен ғана емес, технологиялық және қорғаныс саласындағы тығыз байланыстармен де түсіндіріледі.

Ал кеңірек геосаяси тұрғыдан қарасақ, бұл АҚШ үшін БРИКС одағын, яғни “Жаһандық оңтүстік” деп аталатын елдер тобын әлсірету мүмкіндігі болуы мүмкін. Ресейдің Украинаға басып кіруінен кейін көптеген сарапшылар бірполярлы әлемнің құлдырауы және Батыстың үстемдігінің аяқталуы туралы айта бастаған еді.

Алайда АҚШ-тың белсенді сыртқы саясаты БРИКС елдері арасында толық бірлік жоқ екенін көрсетті. Мысалы, аятолланың өлтірілуіне байланысты АҚШ-ты ашық айыптаған ірі державалар болған жоқ, сондай-ақ ешбір мемлекет Иранға тікелей әскери көмек көрсетіп отырған жоқ. Ұқсас жағдай Венесуэлада да байқалған. Осы арқылы АҚШ Жаһандық оңтүстік елдері АҚШ-пен дәстүрлі соғыс қаупі алдында қаншалықты осал екенін көрсеткісі келетіндей әсер қалдырады. Мұндай әрекеттер бірполярлы әлем тәртібін күшейте түседі.

Кейбір сарапшылар бұл жағдайды Венесуэладағы оқиғалармен салыстырады. АҚШ Иранда да билік ауысуына қол жеткізуге немесе өзіне әлдеқайда бейім күштерді алға шығаруға тырысуы мүмкін бе?

Қазіргі сценарийге қарасақ, бірнеше күннің ішінде АҚШ пен Израиль Иран аумағындағы шамамен 2 мың әскери нысанаға соққы жасағаны айтылып жатыр. Бұл – аз көрсеткіш емес. Американың әскери қолбасшылығы мәліметінше, Иран флоты толықтай жойылған, ал зымыран ұшыру саны 70 пайыздан астамға қысқарған.

Яғни өте қысқа уақыттың ішінде АҚШ-тың екі авиатасымалдағыш соққы тобы мен Израильдің шамамен 200 әскери ұшағы Иранның жоғары әскери-саяси басшылығын жойып, флотын талқандап, мыңдаған нысананы соққыға алғаны айтылады. Егер мұндай қарқын бір ай немесе екі-үш ай бойы жалғасатын болса, онда Иранның қорғаныс және инфрақұрылымдық әлеуеті айтарлықтай әлсірейді.

Тіпті аятоллалар режимі сақталып қалған күннің өзінде, бірақ бұл да екіталай, операция аяқталғаннан кейін Иран ұзақ уақыт бойы аймақтағы елдерге қауіп төндіре алатын деңгейдегі әскери мүмкіндіктерінен айырылуы мүмкін. Ал қорғаныс қабілетінің әлсіреуі және АҚШ соққыларынан кейінгі әскери жеңіліс елдегі билік жүйесін әлсіретуі ғажап емес. Кей жағдайда мұндай жағдай билікке қысым жасау тұрғысынан АҚШ-тың құрлықтағы әскери операциясынан да әсерлі болуы мүмкін.

Иранның одақтастары Ресей мен Қытай ықтимал шиеленістің күшеюіне қалай жауап беруі мүмкін? Олар шынымен араласуы мүмкін бе, әлде қолдауы тек саяси мәлімдемелермен шектеле ме?

Менің ойымша, бұл елдер өз позицияларын жеткілікті деңгейде білдірді. Екі мемлекет те Иранға қолдау білдіріп, жоғарғы рухани жетекшінің қазасына байланысты көңіл айтты. Алайда олардың тарапынан нақты әрекеттер байқалмайды, әрі мұндай қадамдар жасалуы екіталай.

Егер мұндай жағдай Қырғи-қабақ соғыс кезеңінде, яғни АҚШ пен КСРО текетіресі кезінде болғанда, КСРО кем дегенде дипломатиялық деңгейде АҚШ-ты тәуелсіз мемлекеттің басшысын өлтіруге жауапты деп айыптар еді. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысын шақырып, тіпті Иранға тікелей қару-жарақ жеткізу мәселесін де қарастыруы мүмкін болатын.

Ал қазір біз мүлде басқа жағдайды көріп отырмыз. Ресей мен Қытай аятолланың өліміне байланысты Иранға көңіл айтқанымен, АҚШ президентін ашық айыптап отырған жоқ. Мұның себебі Қытай мен Ресей үшін Дональд Трамп келіссөздердегі негізгі қарсылас саналады. Сондықтан олар Иранды қолдау үшін келіссөздерді бірден үзуге асығып отырған жоқ.

Қазір тараптар бір-біріне соққы жасап, шиеленіс біртіндеп күшейіп келеді. Бұл қақтығыс айларға, тіпті жылдарға созылатын ұзақ текетіреске айналуы мүмкін бе?

Меніңше, қақтығыстың қанша уақытқа созылатыны Иранның жаңа басшылығының әрекетіне байланысты. Жақын күндері жаңа аятолла сайлануы тиіс. Егер ол Иранның ядролық бағдарламасына қатысты нақты жоспар ұсынып, Израильдің қауіпсіздігіне кепілдік берсе, онда қақтығыс сол күні-ақ тоқтауы мүмкін. Бұл — ең оптимистік сценарий.

Ал шынайы сценарий бойынша Иран 2-3 ай бойы бүкіл аймақпен соғыс жағдайында қалады. Бұл тек Израиль мен АҚШ емес, сонымен бірге кейбір еуропалық елдер мен Парсы шығанағындағы монархиялардың да қатысуымен жүруі мүмкін. Мұндай жағдайда бірнеше айға созылған қарқынды бомбалау нәтижесінде Иранның қорғаныс әлеуеті едәуір әлсірейді.

Одан кейін әртүрлі күштер, мысалы, ирактық күрдтер, ауған талибтері, Пәкістан армиясы немесе ел ішіндегі көтерілісшілер құрлықтағы операцияға кірісуі мүмкін. Сол кезде аятоллалар режимі құлатылып, жаңа саяси жүйе қалыптасады. Бұған ұқсас жағдайды біз Сириядағы оқиғалардан көрдік. Бірнеше күн ішінде ішкі оппозиция ірі қалаларды бақылауға алып, билік өзгерген болатын.

Сонымен қатар Иран біртұтас, толық монолитті мемлекет емес екенін де ескеру керек. Ел халқының этникалық құрамы әртүрлі, парсылар абсолютті көпшілік емес. Елде үлкен Әзербайжан диаспорасы бар, шиит билігін жақтырмайтын сүннит арабтар, Белуджистандағы тайпалық одақтар және басқа да топтар бар. Сондықтан құрлықтағы соғыс басталған жағдайда Иранның құрлық әскерінің қалай әрекет ететіні және оның мұндай жағдайда соғысуға қаншалықты дайын болатыны – үлкен сұрақ.

Көпшілікті алаңдататын басты сұрақтың бірі бұл текетірес кең ауқымды соғысқа, тіпті Үшінші дүниежүзілік соғысқа ұласуы мүмкін бе?

Менің ойымша, бұл жағдай үшінші дүниежүзілік соғысқа алып келмейді. Себебі қақтығысқа басқа ірі ядролық державалар, Ресей, Қытай немесе Үндістан, тікелей қатысып отырған жоқ.

Алайда соғыс ауқымы кеңеюі мүмкін. Мысалы, Израиль мен АҚШ-қа араб монархиялары, сондай-ақ Түркия мен Әзербайжан қосылса, қақтығыс аймақтық деңгейден әлдеқайда ірі сипат алады. Айта кету керек, жуырда Иран дрондарының кейбірі осы елдердің аумағына да түскені хабарланған.

Қалай болғанда да, менің жеке пікірімше, Иран мәселесінің тағдыры белгілі бір деңгейде шешіліп қойғандай көрінеді: әлемдегі бірде-бір ірі держава Иранға тікелей әскери көмек көрсетуге асыққан жоқ, ал АҚШ соққылардың қарқынын күшейтіп келеді. Бұл жағдай Ислам Республикасының әлсіреуіне, тіпті күйреуіне алып келеді.