Бүгiн 2026, 13:40 Фото: pixabay.com

Ирандағы соғыс: Келіссөздер туралы не белгілі?

Трамптың сөзін Тегеран жоққа шығарды.

АҚШ пен Иран арасында келіссөздер жүріп жатыр ма, әлде бұл тек саяси мәлімдеме ме? Дональд Трамп келіссөздерде «айтарлықтай ілгерілеу бар» десе, Тегеран оны жоққа шығарып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

AP басылымының мәліметінше, АҚШ президенті Дональд Трамп Иранмен келіссөздерде «айтарлықтай ілгерілеу бар» деген мәлімдеме жасағанымен, бұл соғысқа қатысты сұрақтарды одан әрі көбейтті. Ең бастысы – шын мәнінде қандай келіссөздер жүріп жатыр?

Қазіргі мәліметтерге сәйкес, АҚШ әкімшілігі Иранға соғысты тоқтатудың ықтимал жолын қамтитын 15 тармақтан тұратын жоспар ұсынған. Құжат Пәкістан арқылы жеткізілген. Алайда Иран тарапы әзірге келіссөздердің жүріп жатқанын жоққа шығарып, «толық жеңіске дейін күресетінін» мәлімдеді.

Сонымен қатар Мысыр мен Парсы шығанағындағы араб елдері бейресми түрде диалог орнатуға тырысуда. Бірақ бұл әрекеттер әлі бастапқы кезеңде. Ал Израиль шабуылдарын жалғастыратынын айтып отыр.

Сарапшылардың бағалауынша, жағдай керісінше ушығып барады. Соңғы күндері Иран, Израиль және Таяу Шығыс аумағында зымырандық шабуылдар күшейген. АҚШ аймаққа қосымша теңіз жаяу әскерін жіберіп, десанттық бөлімдерді орналастыруға дайындалып жатыр.

Ақпанның 28-інде басталған әскери әрекеттерден бері Дональд Трамп соғыстың мақсаттарын әртүрлі сипаттап келеді. Оның ішінде Иранның зымыран әлеуетін әлсірету және аймақтағы қауіпін азайту бар. Бірақ ең күрделі міндет – Иранның ядролық қару жасауына толық тосқауыл қою.

Сонымен қатар, әлемдік экономика үшін маңызды Ормуз бұғазы бұғазын қайта ашу да басты басымдықтардың біріне айналған.

Трамп Иран билігімен байланыс орнату мүмкіндігін айтқанымен, елдегі режимді құлату идеясынан уақытша бас тартқан. Ал Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху соғыс мақсатының бірі – Ирандағы билікті өзгерту екенін мәлімдеуде.

Келіссөздер бар ма?

АҚШ тарапы бейресми түрде келіссөздерге қатысуға дайын екенін білдірген. Бірақ Иран саясаткерлері, оның ішінде парламент спикері Мохаммад Багер Галибаф мұндай келіссөздердің жүріп жатқанын жоққа шығарды.

Мысыр тарапының мәліметінше, қазіргі талқылаулар сенім қалыптастыруға, уақытша бітімге келуге және Ормуз бұғазын қайта ашу механизмін жасауға бағытталған.

Иран атынан кім сөйлейді?

Иранда нақты келіссөз жүргізетін тұлға анық емес. Жаңа жоғарғы көшбасшы Моджтаба Хаменеи көпшілік алдына шықпаған. Ел ішінде билік бірнеше орталыққа бөлінген: әскер, Революциялық гвардия және саяси тұлғалар.

Сыртқы істер министрі Аббас Аракчи әскери операциялар көбіне жергілікті командирлердің шешімімен жүзеге асып жатқанын айтқан. Ал Иран әскери басшылығы соғысты «толық жеңіске дейін» жалғастыратынын мәлімдеді.

Трамп уақыт ұтып жатыр ма?

Сарапшылардың пікірінше, Дональд Трамп келіссөздер туралы мәлімдемесі бірнеше мақсатты көздеуі мүмкін. Бір жағынан, ол жаһандық экономикаға кері әсерден сақтанғысы келеді. Екінші жағынан, бұл аймаққа жіберіліп жатқан америкалық күштердің орналасуына уақыт ұту әрекеті болуы ықтимал.

Кейбір болжамдарға сәйкес, АҚШ Иранның мұнай инфрақұрылымына соққы беру немесе стратегиялық нысандарды бақылауға алу сценарийлерін де қарастыруы мүмкін. Бұл соғыстың одан әрі ушығуына әкелуі ықтимал.

Келіссөздер нені қамтуы мүмкін?

Басты мәселе – Иранның ядролық бағдарламасы. АҚШ Иранның байытылған уранын елден шығаруды талап етуде. Бірақ Тегеран бұған дейін бұл шарттан бас тартқан.

Қарапайым сценарий – уақытша бітім мен Ормуз бұғазын ашу. Алайда Аббас Аракчи жартылай келісімдерді қолдамайтынын айтып, «соғыстың толық аяқталуын» талап етті.

Израильдің ұстанымы

Израиль келіссөз бастамасына ресми түрде қатысып отырған жоқ. Биньямин Нетаньяху дипломатиялық әрекеттерді мойындағанымен, шабуылдар жалғасатынын мәлімдеді.

Сонымен қатар Иранмен соғыс аяқталған күннің өзінде, Израильдің Хезболла тобына қарсы операциялары жалғасуы мүмкін.