Ирандағы наразылықтар жалғасып жатыр

Иранда ауыр экономикалық жағдай мен жоғары инфляцияға байланысты басталған наразылық акциялары бесінші күн қатарынан жалғасып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ DW-ге сілтеме жасап. 

Associated Press агенттігінің мәліметінше, бейсенбі күні кешке, 1 қаңтарда елде жалғасып жатқан наразылықтар барысында кемінде алты адам қаза тапқан. Алғашқы құрбандар туралы ақпаратты Reuters агенттігі де жергілікті БАҚ пен құқық қорғау ұйымдарына сілтеме жасап таратты, алайда қаза тапқандардың нақты саны көрсетілмеген.

Иранның Fars ақпарат агенттігі мен Hengaw құқық қорғау тобының деректеріне сәйкес, бірнеше өлім жағдайы елдің оңтүстік-батысындағы Лордеган қаласында тіркелген. Тағы бір адамның елдің орталық бөлігіндегі Исфахан провинциясында қаза тапқаны хабарланды.

1 қаңтар күні Ислам Республикасының мемлекеттік телеарнасы Иранның батысындағы Лурестан провинциясына қарасты Кухдешт қаласында «Басидж» жартылай әскери жасағының бір мүшесі қаза тапқанын мәлімдеді. Ислам революциясы сақшылар корпусы (КСИР) оның өліміне наразылық білдірушілерді айыптады. Ал Hengaw құқық қорғау ұйымы қаза тапқан адамның қауіпсіздік күштері өлтірген наразылық қатысушысы болғанын алға тартады.

Ирандағы жаппай наразылықтар

Иранда наразылық акциялары 28 желтоқсанда басталды. Сол күні Тегеранда алдымен ұялы телефон сататын дүкендердің, кейін басқа да сауда нүктелерінің иелері елдегі экономикалық жағдайдың нашарлауына наразылық ретінде дүкендерін жапты. Кейінірек наразылық акцияларына басқа ірі қалалардың тұрғындары да қосылды.

30 желтоқсанда наразылық білдірушілер мен полиция арасындағы алғашқы қақтығыстар туралы хабар тарады, сондай-ақ күштік құрылымдардың көзден жас ағызатын газ қолданғаны айтылды.

Иран күштік құрылымдарының үндеуі

30 желтоқсанда Иран президенті Масуд Пезешкиан Ішкі істер министрінің басшысына наразылық білдірушілер мен кәсіподақ өкілдерімен диалог орнатуды тапсырғанын айтып, «олардың заңды талаптарын тыңдау қажет» екенін мәлімдеді. Ал Иранның күштік құрылымдары елдегі тәртіпсіздіктерді қоздыру мақсатында «сыртқы жаулардың қатысуымен жасалған астыртын әрекет» бар екенін айтып, азаматтарды наразылық акцияларына қатыспауға шақырды. 1 қаңтарда жергілікті БАҚ Тегеранда «қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін» 30 адамның ұсталғанын айтты.

Иран экономикасы 40 пайыз деңгейіндегі инфляциядан және үкіметтің ядролық бағдарламасына байланысты енгізілген Батыс санкцияларынан зардап шегіп отыр. Президент Пезешкиан инфляциямен және өмір сүру құнының қымбаттауымен күресуге уәде берген.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: видеодан кадр
Өзгелердің жаңалығы