Ирандағы наразылықтар: билік қауіпсіздік шараларын қатаңдатуы мүмкін

Иран билігі елде соңғы жылдардағы ең ауқымды үкіметке қарсы наразылықтар күшейген тұста қауіпсіздік шараларын қатаңдатуы мүмкін екенін мәлімдеді. Ислам революциясының қамқоршылар корпусы (КСИР) тәртіпсіздіктерді «террористік әрекеттермен» байланыстырды және елдегі қауіпсіздік «қызыл сызық» екенін ескертті, деп хабарлайды BAQ.KZ Reuters-ке сілтеме жасап.

Агенттіктің хабарлауынша, елдің бірқатар аймағында жаңа қақтығыстар тіркелген. Интернеттің уақытша өшірілуі наразылықтардың нақты ауқымын бағалауды қиындатуда. Бұл жағдай АҚШ президенті Дональд Трамптың Иранға қатысты жаңа ескертуінен кейін орын алды.

Мемлекеттік БАҚ Тегеран маңындағы Карадж қаласында муниципалдық ғимараттың өртенгенін хабарлап, бұл әрекетке «бүлікшілерді» айыптады. Сондай-ақ Шираз, Кум және Хамадан қалаларында қаза тапқан қауіпсіздік қызметкерлерінің жерлеу рәсімдері көрсетілді.

Наразылықтар 28 желтоқсаннан бастап инфляцияның күрт өсуіне байланысты басталып, кейін діни билікті сынауға ұласқан. Билік тәртіпсіздіктерді АҚШ пен Израильдің арандатуымен байланыстырады. HRANA құқық қорғау ұйымының мәліметінше, кемінде 50 наразылық білдіруші мен 15 қауіпсіздік қызметкері қаза тауып, шамамен 2 300 адам қамауға алынған.

КСИР мәлімдемесінде соңғы екі түнде әскери және құқық қорғау нысандарына шабуыл жасалғаны, азаматтар мен қауіпсіздік күштері арасында қаза тапқандар бары айтылды. Тегеран маңындағы Бахарестан қаласында 100-ге жуық адам «қарулы тәртіпсіздікке қатысқаны» үшін ұсталған.

Сонымен қатар, Иранның бұрынғы шахының ұлы Реза Пехлеви халықты «қала орталықтарын бақылауға алуға» шақырып, биліктің әлсіреп жатқанын мәлімдеді. Ал АҚШ президенті Трамп наразылық білдірушілердің қауіпсіздігіне алаңдаушылық білдіріп, Тегеранды күш қолданбауға шақырды.

Иран билігі экономикалық талаптарды заңды деп танығанымен, соңғы екі аптадағы жаппай тәртіпсіздіктерді қатаң айыптап отыр. Тергеу мен қауіпсіздік шаралары жалғасуда.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы