Ирандағы наразылық шерулерінің құрбандары 116 адамға жетті
Иранда экономикалық қиындықтардан басталған наразылық акциялары салдарынан қаза тапқандар саны 116 адамға жетті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
АҚШ-та орналасқан Human Rights Activist News Agency (HRANA) құқық қорғау белсенділерінің агенттігінің хабарлауынша, Ислам Республикасындағы наразылықтар 14-күн қатарынан тоқтаған жоқ.
Қаза тапқандардың қатарында 37 қауіпсіздік күштерінің қызметкері, төрт медицина қызметкері және бір прокурор бар. Тәртіпсіздіктер кезінде 2600-ден астам адам жарақат алған. Қазіргі таңда ұсталғандардың жалпы саны 2638 адамнан асты.
Иранның ресми билігі наразылықтар кезінде қаза тапқандар мен жараланғандардың нақты саны туралы әзірге ешқандай дерек жариялаған жоқ.
Бұған дейін, 10 қаңтарда HRANA қаза тапқандар саны 66 адам екенін хабарлаған болатын.
Ирандағы наразылық акциялары
Ирандағы наразылықтар 2025 жылғы 28 желтоқсанда Тегерандағы тарихи «Гранд-базарда» басталды. Дүкен иелері ұлттық валютаның шетел валюталарына қатысты күрт құнсыздануына және экономикалық жағдайдың ушығуына байланысты наразылыққа шыққан. Кейін бұл шерулер елдің көптеген қалаларына жайылды.
Жартылай ресми Tasnim агенттігінің мәліметінше, 7 қаңтардағы жағдай бойынша жараланған полиция қызметкерлерінің саны 568 адамға, ал «Басидж» ерікті жасақтарының өкілдері 66 адамға жеткен. Алайда иран билігі қаза тапқандар туралы ақпаратты жарияламаған.
8 қаңтарда Тегеранда жағдай күрт ушықты. Тәртіпсіздіктер кезінде наразылыққа шыққандар (оның ішінде әртүрлі топтар) көптеген нысандарды өртеп, қиратқан: ондаған автобус пен жедел жәрдем көліктері, 24 тұрғын үй, 25 мешіт, 2 аурухана, 26 банк, сондай-ақ өзге де мемлекеттік және қоғамдық ғимараттар зақымданған.
Наразылықтардың күшеюіне байланысты Иран билігі ел бойынша интернетке қолжетімділікті шектеді.