Ирандағы наразылық: Қаза тапқандар саны 5 мыңға жуықтады

Иранда экономикалық қиындықтарға байланысты басталған наразылықтар салдарынан қаза тапқандар саны 4 902 адамға жетті. Белгілі болғандай, олардың 197-сі – қауіпсіздік күштерінің қызметкерлері, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Құқық қорғау белсенділерінің жаңалықтар агенттігі (Human Rights Activist News Agency, HRANA) ұсынған дерекке сәйкес, тәртіпсіздіктер барысында 26 541 адам ұсталған.

АҚШ-тың Вирджиния штатында орналасқан агенттік бұған дейін Иран Ислам Республикасындағы наразылықтар кезінде 4 519 адамның қаза тапқанын айтқан болатын.

Ирандағы наразылық акциялары

Ирандағы наразылық акциялары 2025 жылғы 28 желтоқсанда Тегеран қаласындағы тарихи «Гранд-базарда» басталды. Саудагерлер ұлттық валютаның шетел валюталарына шаққандағы күрт құлдырауына және экономикалық жағдайдың нашарлауына байланысты наразылық білдірген. Бұл толқулар елдің көптеген қаласына қарқынды түрде тарады.

8 қаңтарда Тегеранда жағдай күрт шиеленісті. Тәртіпсіздіктер кезінде наразылық білдірушілер (оның ішінде түрлі топтар) көптеген нысанды өртеп, қиратып кеткен.

Атап айтқанда, автобустар мен жедел жәрдем көліктері, ондаған тұрғын үй, банктер, мешіттер, ауруханалар, сондай-ақ мемлекеттік және қоғамдық маңызы бар ғимараттар бүлінген. Жағдайдың қиындауына байланысты Иран билігі ел бойынша интернетке қолжетімділікті шектеді.

17 қаңтарда Иранның жоғарғы көшбасшысы аятолла Әли Хаменеи наразылықтар барысында "Израиль және АҚШ-пен байланысы бар тұлғалар елге орасан зор зиян келтіріп, бірнеше мың адамның қаза табуына себеп болды" деп мәлімдеді.

Бұған дейін Иранның шахидтер мен ардагерлер қоры жанындағы сот-медициналық басқарма наразылықтар салдарынан 3 117 адам қаза тапқанын айтқан. Олардың қатарында қауіпсіздік күштерінің қызметкерлері мен бейбіт тұрғындар бар. Ақпаратқа сәйкес, 2 427 адам «қарулы террористік топтар» қолынан қаза тапқан. Ал қалған 690 адамның тағдыры жөнінде нақты ақпараттар берілмеген.

Ирандағы наразылық толқыны бәсеңдегенімен, HRANA ұйымы деректерді жаңартуды жалғастырып, қаза тапқандар мен ұсталғандар санына қатысты мәліметтерді рет-ретімен нақтылап отыр.

Жанерке ЖӘКЕН

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы