Бүгiн 2026, 13:58 Фото: ҚР Сыртқы істер министрлігі

Иран мен Израильде қанша қазақстандық қалып отыр? – СІМ орынбасарының жауабы 

Қазіргі уақытта жарақат алған қазақстандықтар жоқ.

Иран аумағындағы Қазақстан азаматтарын елге қайтару жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Оның айтуынша, қазіргі уақытта жарақат алған қазақстандықтар жоқ. Ең алдымен дипломаттар мен олардың отбасы мүшелері, сондай-ақ Қазақстан азаматтары елге қайтарылған.

Бүгінде жарақат алған азаматтарымыз жоқ. Біз бірінші кезекте азаматтарымызды, дипломаттарымызды және олардың отбасы мүшелерін елге қайтардық. Қазіргі таңда Иранда 70-ке жуық Қазақстан азаматы қалып отыр. Олардың елге қайтуы орналасқан жеріне байланысты ұйымдастырылады, – дейді вице-министр.

Бақаевтың мәліметінше, егер азаматтар Горган маңында болса, олар Түрікменстан арқылы шығарылады. Кеше 17 қазақстандық Түрікменстан аумағы арқылы елге қайтарылған. Ал Иранның өзге өңірлерінде жүрген азаматтар Армения немесе Әзербайжан арқылы эвакуацияланады.

Оның айтуынша, алғашқы қақтығыс кезеңінде азаматтар Әзербайжан арқылы шығарылған. Бұл бағытта Әзербайжан, Армения және Түрікменстан билігі Қазақстанға қолдау көрсетіп отыр. Қазір Ирандағы 70 азаматпен тұрақты байланыс орнатылған, олардың қауіпсіз жерде екені айтылды.
Сонымен қатар Әлібек Бақаев Израильдегі қазақстандықтарды елге қайтару тәртібін де түсіндірді.

Бастапқы қақтығыс кезінде Израильден эвакуация жұмыстары жүргізілді. Дипломаттар мен олардың отбасы мүшелері шығарылды. Қазіргі уақытта онда 80-90-ға жуық Қазақстан азаматы бар, бірақ одан көп емес. Израильден азаматтарды шығару Мысыр арқылы жүзеге асырылады. Қазақстан мен Мысыр арасында тікелей әуе қатынасы бар, сол арқылы азаматтарымыз елге оралады, – дейді вице-министр.