Иранда ұлттық валютаның құнсыздануына қарсы наразылықтар әлі тоқтамады
Иранда инфляция мен ұлттық валютаның рекордтық деңгейде құнсыздануына байланысты басталған наразылықтар үшінші күнге ұласты. Алғашында Тегерандағы ірі базар саудагерлерінің ереуілімен басталған акциялар елдің бірнеше қаласына тарады, деп хабарлайды BAQ.KZ ВВС-ге сілтеме жасап.
BBC Persian дерегінше, наразылықтар Карадж, Исфахан, Шираз, Йезд, Керманшах және басқа да қалаларда өтті. Кей жерлерде полиция демонстранттарды тарату үшін көзден жас ағызатын газ қолданған. Акцияларға университет студенттері де қосылып, билікке қарсы ұрандар айтылды.
Иран президенті Масуд Пезешкиан наразылықтарды мойындап, ішкі істер министріне ереуілшілер өкілдерімен келіссөз жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ ол Орталық банк басшысы Мұхаммедареза Фарзиннің отставкасын қабылдап, оның орнына бұрынғы экономика министрі Абдолнасер Хемматиді тағайындады.
АҚШ Мемлекеттік департаменті наразылық білдірушілерге қолдау білдірсе, елден тыс жүрген Реза Пехлеви де шерушілерге үндеу жолдады. Билік өкілдері кез келген арандатушылыққа қатаң жауап берілетінін ескертті.