Иранда наразылық білдірушілер 25 мешітті қиратты
Иранда наразылық білдірушілер 25 мешітті қиратты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Елдің Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі жоғары кеңесінің мәлімдемесін мемлекеттік IRIB агенттігі жариялады. Тегеранда наразылықтар бастапқыда әлеуметтік сипатта болғанымен, кейін "сионистік жаудың жоспарлауымен" қауіпсіздікке қатер төндіретін деңгейге ұласқаны айтылған.
Иранның ұлттық қауіпсіздік кеңесі бұл тұста Дональд Трамптың мәлімдемелеріне де сілтеме жасап, оны екі елдің әрекеттерін үйлестіріп отырғанының дәлелі ретінде атады. Билік өкілдері бұдан былай тәртіпсіздікке қатысушылармен ешқандай ымыраға бармайтынын ескертті.
Кеше елде тақтан тайдырылған шахтың ұрпағы Реза Пехлевидің үндеуінен кейін жаппай акциялар өтті. Тегеран мэрі Алиреза Заканидің айтуынша, тәртіпсіздіктер салдарынан 24 тұрғын үй, 25 мешіт, 26 банк пен екі аурухана қираған, сондай-ақ 48 өрт сөндіру техникасы өртелген.
Ереуілдер желтоқсан айының соңында ұлттық валютаның күрт құнсыздануы мен бағаның өсуі аясында басталған. Иранның жоғарғы көшбасшысы Әли Хаменеи тәртіпсіздікке қатысушыларды "бір уыс вандалдар" деп атады.