Иранда наразылық акциялары салдарынан 3500-ге жуық адам қаза тапты

Экономикалық қиындықтарға байланысты басталған наразылықтар кезінде көз жұмғандар саны 3 308 адамға дейін артқан, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

АҚШ-та орналасқан Адам құқықтарын қорғау белсенділерінің жаңалық агенттігінің (Human Rights Activist News Agency, HRANA) мәліметіне сүйенсек, тәртіпсіздіктер барысында 24 266 адам ұсталған.

Иран билігі әзірге тәртіпсіздіктер кезінде қаза тапқандар мен жараланғандардың жалпы саны жөнінде ресми дерек жариялаған жоқ. Дегенмен, билік өкілдері өздері "террористік ұйымдардың мүшелері немесе арандатушылар" деп атаған 3 000 адамның ұсталғанын мәлімдеді.

Израиль мен АҚШ-пен байланысы бар адамдар орасан зор зиян келтіріп, мыңдаған адамды өлтірді, – деп мәлімдеді кеше Иранның Жоғарғы көшбасшысы аятолла Әли Хаменеи.

АҚШ-тың Вирджиния штатында орналасқан HRANA бұған дейін Иран Ислам Республикасындағы наразылық акциялары кезінде қаза тапқандар саны 3 090 адамды құрағанын хабарлаған болатын.

Ирандағы наразылық акциялары

Ирандағы наразылықтар 2025 жылғы 28 желтоқсанда Тегерандағы тарихи «Гранд-базарда» басталды. Дүкен иелері ұлттық валютаның шетелдік валюталарға шаққандағы күрт құнсыздануына және экономикалық қиындықтардың ушығуына байланысты наразылыққа шыққан. Кейін бұл толқулар елдің көптеген қаласына тез тарады.

8 қаңтар күні Тегеранда наразылықтар күрт шиеленісті. Тәртіпсіздіктер барысында наразылық білдірушілер (оның ішінде түрлі топтар) көптеген нысандарды өртеп, қиратып кеткен. Атап айтқанда, көптеген автобустар мен жедел жәрдем көліктері, ондаған тұрғын үй, банктер, мешіттер, ауруханалар, сондай-ақ өзге де мемлекеттік және қоғамдық ғимараттар зақымданған.

Наразылық акциялары күшейгеннен кейін Иран билігі ел аумағында интернетке қолжетімділікті жалпыұлттық деңгейде шектеу туралы шешім қабылдады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы