Иранда әйелдердің хиджаб киюін қадағалайтын полиция жұмысын қайта бастады

Иранда ислам киім үлгісінің сақталуын қадағалайтын әдет-ғұрып патрулі қайта іске кірісті, деп хабарлайды BAQ.KZ ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Жексенбі күні Иранның әдет-ғұрып діни полициясы әйелдердің ислами киім үлгісін, соның ішінде хиджаб киюін қадағалау үшін көшелерді патрульдей бастады.

Патруль жұмысы Махса Амини есімді жас қыз орамалды дұрыс тақпағаны үшін тұтқындалып, полицияда соққыға жығылып көз жұмғаннан кейін арада бар-жоғы 10 ай өткенде қайта басталып отыр.

Оның өлімі бүкіл елде жаппай наразылық туғызып, патрульдің уақытша тоқтауына себеп болған еді.

Махса Амини қайтыс болғаннан кейін елдің түкпір-түкпірінде ереуілдер көп болды, бірақ оған бүкіл халық жаппай қосыла қойған жоқ.

Иран өткен қыркүйектен бері өз тарихындағы ең ұзақ азаматтық наразылықтың бірін бастан өткерді.

Билік «Амини жүрек талмасынан қайтыс болды» деген сөзінен танбады. Бірақ көп ирандықтар бұған сенген жоқ.

Билік режимді өзгертуге және зайырлы демократияға шақырған ереуілшілерді аяусыз басып-жаншып тастады.

Құқық қорғау ұйымдарының мәліметінше, 500-ден астам демонстрант өлтірілген, оның ішінде кәмелетке толмаған 70 бала бар. 20 мыңға жуық адам қамауға алынған.

Иран ресми жариялаған статистика қауіпсіздік қызметкерлерін қосқанда 200 адам мерт болды дейді. Ресми нұсқа бойынша тәртіпсіздікті шетелдік барлау агенттіктері арандатқан.

Шариғатқа негізделген Иран заңы бойынша әйелдер шашын хиджабпен (орамалмен) жауып, дене бітімін жасыру үшін ұзын әрі кең киім киюі керек.

Әдет-ғұрып полициясына осы ережелерді сақтау және оған сай киінбеген әйелдерді ұстау міндеті жүктелген.

Патруль кезінде офицерлер әуелі тәртіп сақтамаған әйелдерге ескертеді, - дейді полиция өкілі Саид Монтазеролмахди. 

Егер олар бұйрыққа бағынбаса, полиция сотқа жүгінуі мүмкін.

Наразылық шерулері басылып, оған қатысқан біраз адам өлім жазасына кесілгеніне қарамастан көп әйелдер хиджаб киюді мүлде қойды.

Бұл 1979 жылғы төңкерістен кейінгі Иранда діни билікке жасалған ең үлкен сынақ болды.

Әлеуметтік желіде жарияланған видеолар - Иран көшелерінде хиджабсыз әйелдердің көбейгенінің айқын дәлелі.

Осы науқанға жауап ретінде Иран билігі ислам киім үлгісін бұзғандарға жазаны күшейтті, соның ішінде хиджаб туралы заңға бағынбаған кәсіпорындарды мәжбүрлеп жабатын болды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы