Қазақстан-Иран тараптары саяси консультациялар өткізді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 10-11 сәуір күндері Тегеранда Қазақстан мен Иран сыртқы саяси ведомстволары арасындағы бесжылдық ынтымақтастық бағдарламасын жүзеге асыру аясында ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Мұхтар Тілеуберді және Иран Сыртқы істер министрінің орынбасары Сейед Аббас Аракчи бастаған Қазақстан-Иран саяси консультациялары өтті. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Тараптар екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту, халықаралық ұйымдар аясындағы өзара іс-қимыл мәселелерін талқылап, өңірлік және жаһандық қауіпсіздік мәселелері бойынша пікір алмасты.

Каспий өңірінде екіжақты әрекеттестікке де баса назар аударылды. 2018 жылы Ақтау қаласында болған Бесінші Каспий саммитінің тарихи маңыздылығы ерекше атап өтілді. Тараптар Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияның баптарын имплементация жасау және Ақтау саммитінде қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру қажеттігін айтты.

Көлік-транзит және ауыл шаруашылығы салаларындағы екіжақты өзара әрекеттестіктің оң қарқыны атап өтілді. Осы орайда, тараптар Парсы шығанағына жол ашатын Қазақстан-Түрікменстан-Иран теміржол маршрутын пайдалануды жандандырудың маңыздылығы баса айтылды.

Сонымен қатар, ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары М.Тілеуберді Иранның Сыртқы істер министрі Мохаммад Джавад Зарифпен келіссөздер өткізіп, оның барысында жоғары лауазымды ирандық дипломатты Қазақстандағы соңғы саяси өзгерістермен таныстырды. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың өз еркімен Мемлекет басшысы өкілеттігін тоқтатқаны және алдағы президенттік сайлаулар туралы айтып берді.

М.Зариф Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның дамуына және аймақта әрі әлемде қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтуға теңдессіз үлес қосқан өте дана саяси қайраткер екендігін мәлімдеді. Иранның сыртқы саясат ведомствосының басшысы Қазақстанда алдағы уақытта өтетін сайлаулардың демократия қағидаттарына сәйкес өтетіндігіне сенімділігін білдірді.

Қазақстандық дипломат мемлекет басшылығында болған өзгерістерге қарамастан еліміздің сыртқы саяси бағдары өзгеріссіз қалатынын мәлімдеді. Иранмен тату көршілестік қатынастарды дамыту Қазақстанның сыртқы саясатындағы басымдықтардың бірі болып қалатындығын айтты.

Сапар шеңберінде М.Тілеубердінің Иранның Көлік және қала құрылысы министрі Мухаммед Исламимен және Ауыл шаруашылығы джихады министрінің орынбасары Иаздан Сейфпен кездесулері болды. Тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы және болашағы, оның ішінде көлік пен транзиттік әлеуетті дамыту, Иранға ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау және тағы басқа мәселелерді талқылады. Қазақстан мен Иран арасындағы екіжақты тауар айналымының көлемі 2018 жылы 516,309 млн АҚШ долларын құрады (экспорт – 426,76 млн, импорт 89,54 млн).  

Аталған кездесулер қорытындысы бойынша, ирандық тараптың Бандар-Аббас және Амирабад порттарында Қазақстанның логистикалық орталықтар салуы үшін жер бөлуі бойынша уағдаластықтар жасалды. Бұл Орталықтар Иран аумағы арқылы Парсы шығанағы елдерінің нарығына отандық тауарларды экспорттауға мүмкіндік береді.

Траптар жақын аралықта Нұр-Сұлтан қаласында қазақстан-иран Үкіметаралық комиссияның 16-отырысын өткізуге қызығушылықтарын қуаттады.

11 сәуірде М.Тілеуберді Экономикалық ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Хади Солейманпурмен кездесу өткізіп, оның барысында Қазақстанның аталған Ұйыммен ынтымақтастығы мәселелерін талқылады.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы