Иран құрамасы АҚШ-тағы әлем чемпионатына толық құраммен бара алмай қалуы мүмкін
Иран футбол федерациясы АҚШ тарапының бұл әрекетін халықаралық спорт қағидаттарына қайшы деп бағалап, мәселені FIFA деңгейінде көтеретінін мәлімдеді.
Иран ұлттық футбол құрамасының ойыншылары АҚШ-та өтетін әлем чемпионатына қатысу үшін виза алды. Алайда команданың бірқатар әкімшілік және техникалық қызметкерлері әлі күнге дейін рұқсат құжаттарын күтіп отыр.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, Иран құрамасы алғашқы ойынын өткізерден он күн бұрын ойыншыларға АҚШ визасы берілген. Бұл ақпаратты Ақ үй өкілі растады. Бұған дейін Иранның Мексикадағы елшісі Аболфазл Пасанди кейбір делегация мүшелерінің визалары рәсімделмегенін мәлімдеген болатын.
Tasnim агенттігінің мәліметінше, виза ала алмағандардың қатарында Иран футбол федерациясының бас хатшысы Хедаят Момбини, атқарушы директор Мехди Харати және медиа-директор Мохсен Мотамедкия бар. Олар виза мәселесі шешілгенге дейін командамен бірге Мексикада болады.
Иран футбол федерациясы АҚШ тарапының бұл әрекетін халықаралық спорт қағидаттарына қайшы деп бағалап, мәселені FIFA деңгейінде көтеретінін мәлімдеді.
«Ұлттық құраманың негізгі әкімшілік және техникалық қызметкерлеріне виза бермеу туралы шешім – спорттан гөрі саяси сипаттағы қадам», – делінген федерация мәлімдемесінде.
Әлем чемпионатын АҚШ, Мексика және Канада бірлесіп өткізеді. Алайда АҚШ пен Иран арасындағы геосаяси шиеленіс турнир қарсаңында қосымша қиындықтар туғызуда.
Визалық мәселелер мен қауіпсіздікке байланысты Иран құрамасы соңғы сәтте өзінің базасын АҚШ-тың Аризона штатынан Мексиканың Тихуана қаласына ауыстырды. Команда сол жерден турнир матчтарына қатысады.
Иран құрамасы G тобындағы алғашқы кездесуін 15 маусымда Лос-Анджелесте Жаңа Зеландияға қарсы өткізеді. Кейін Бельгия және Мысыр құрамаларымен кездеседі.
Иранның Мексикадағы елшісі Аболфазл Пасандидің айтуынша, ұлттық құраманың әлем чемпионатына қатысуы Тегеранның халықаралық ынтымақтастық пен бейбіт диалогқа ашық екенін көрсетеді.