Иран: Қазір АҚШ саясатына байланысты келіссөз жүргізу мүмкін емес
Иранның сыртқы істер министрі Аббас Эракчи АҚШ-пен келіссөздер процесіне қатысты пікір білдіріп, қазіргі жағдайда Вашингтонның ұстанымына байланысты келіссөз жүргізуге мүмкіндік жоқ екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Біз ешқашан келіссөз үстелінен кеткен тарап болған емеспіз, – деді ол.
Иранның ресми ақпарат агенттігі IRNA-ның мәліметінше, Эракчи бұл мәлімдемені министрлер кабинеті отырысынан кейін жасаған.
Қазіргі жағдайда АҚШ-тың саясатына байланысты келіссөз жүргізу мүмкін емес. Біз ешқашан келіссөз үстелінен бас тартқан тарап болған жоқпыз. Керісінше, біз өзара мүдде мен өзара құрметке негізделген келіссөздерді қолдаймыз. Алайда АҚШ әкімшілігі қазір мұндай ұстаным танытып отырған жоқ, – деді министр.
Иранның сыртқы істер министрі Тегеран санкцияларды алып тастау бағытындағы жұмыстарын жалғастыра беретінін атап өтті. Оның айтуынша, Иран сауда қатынастарын дамытуға және экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге күш салып отыр.
Сонымен қатар Эракчи елде жалғасып жатқан наразылықтарға да тоқталды.
Иранның ішкі істері иран халқының өзінен басқа ешкімге қатысы жоқ. Мемлекет пен халық арасындағы көтерілген мәселелер өзара түсіністікпен шешіледі деп үміттенемін, – деді АҚШ-тың Ирандағы наразылықтарға қатысты мәлімдемелеріне жауап берген министр.
Сондай-ақ ол Ливанмен қарым-қатынастарды дамыту ниетін жеткізді.
Біз Ливанмен байланыстарымызды нығайтқымыз келеді. Ливан тарапы да осы көзқарасты қолдайды. Менің құрамымда экономикалық сарапшылар бар делегация Ливанға бірге барады. Бұрын болған жақсы қарым-қатынас деңгейіне қайта ораламыз деп сенемін, – деп түйіндеді Эракчи.