12 Шілде 2026, 17:19 Фото: istockphoto.com

Иран Парсы шығанағындағы елдерге соққы жаcады

Тегеран АҚШ-тың жаңа әуе шабуылдарынан кейін бірнеше елдегі нысандарға соққы жасап, Ормуз бұғазының белгісіз мерзімге жабылғанын мәлімдеді.

АҚШ-тың Ислам революциясы сақшылар корпусының нысандарына қарсы ауқымды операциясынан кейін Иран Парсы шығанағындағы бірқатар елге зымырандармен және дрондармен соққы жасады. Сонымен қатар Тегеран әлемдік мұнай тасымалының шамамен 20 пайызы өтетін Ормуз бұғазының жабылғанын жариялады.

Қолда бар мәліметке сәйкес, Иордания, Бахрейн, Катар, Оман және Біріккен Араб Әмірліктеріне соққы жасалған. The Guardian басылымының 2026 жылғы 12 шілдедегі ақпараты бойынша, шиеленістің жаңа кезеңі АҚШ Иран аумағындағы 140-тан астам әскери нысанды шабуылдағанын мәлімдегеннен кейін басталды.

Вашингтонның нұсқасы бойынша, бұл операция Кипрде тіркелген контейнер тасымалдаушы кемеге Ислам революциясы сақшылар корпусының жасаған әрекетіне жауап болған. Тегеран аталған кеме Ормуз бұғазы арқылы «рұқсат етілмеген бағытпен» жүргенін мәлімдеді. Кейін Иран әскері кеме қатынасы ережелерін бұзды деп айыпталған екінші кемеге де соққы жасалғанын хабарлады.

АҚШ-тың Орталық қолбасшылығы соққылар зымыран және дрон позицияларына, әскери-теңіз нысандарына, оқ-дәрі қоймаларына, байланыс тораптары мен бақылау бекеттеріне бағытталғанын мәлімдеді.

Бұған жауап ретінде Ислам революциясы сақшылар корпусы аймақтағы АҚШ-тың әскери және командалық нысандарына соққы жасағанын хабарлады. Тегеран Иорданиядағы басқару орталығы мен дрондарға арналған ангарлардың жойылғанын, Кувейттегі америкалық радиолокациялық станцияның зақымданғанын, Омандағы АҚШ әуе тасымалдағыштарын қамтамасыз ететін платформаларға шабуыл жасалғанын, сондай-ақ Катардағы авиацияға техникалық қызмет көрсету орталығы мен командалық пункттің жойылғанын мәлімдеді. Алайда бұл ақпарат тәуелсіз дереккөздер арқылы расталған жоқ.

Қатар билігі әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері зымырандардың бір бөлігін қағып түсіргенін хабарлады. Елдің Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, жарылыс сынықтарынан үш адам, оның ішінде бір бала жарақат алған. Қаза тапқандар туралы ақпарат жоқ.