22 Ақпан 2026, 16:47 Фото: Anadolu Agency

Иран Ормуз бұғазында Sayyad-3G зымыранын сынақтан өткізді

Зымыранның құрлықтағы нұсқасының ұшу қашықтығы – 120 шақырым, ұзындығы – алты метр, салмағы – 900 келі.

Иран Ислам революциясы сақшылар корпусының  әскери-теңіз күштері Ормуз бұғазында өткен "Smart Control" оқу-жаттығулары барысында алғаш рет Sayyad-3G әуе қорғанысы зымыранын сынақтан өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ Anadolu-ға сілтеме жасап.

Белгілі болғандай, Иран ӘТК Shahid Sayyad Shirazi кемесінен құрлықтағы Sayyad-3 әуе қорғанысы жүйесінің теңізге бейімделген нұсқасы – Sayyad-3G зымыранының ұшырылған сәтін көрсететін бейнежазбаны жариялаған.

Sayyad-3G зымыраны тік ұшыру қондырғысымен жабдықталған және қолда бар деректерге сәйкес, ұшу қашықтығы 150 шақырымды (93 миль) құрайды. Иран билігінің мәлімдеуінше, бұл жүйе Shahid Soleimani санатындағы әскери кемелер үшін аймақтық әуе қорғанысы қалқанын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Иран Sayyad-3 әуе қорғанысы зымыранының құрлықтағы нұсқасын алғаш рет 2016 жылғы 28 желтоқсанда сынаған болатын.

Зымыранның құрлықтағы нұсқасының ұшу қашықтығы – 120 шақырым, ұзындығы – алты метр, салмағы – 900 келі.

Ормуз бұғазындағы "Smart Control" оқу-жаттығулары 16 ақпанда басталып, үш күнге созылды.