Иран Ормуз бұғазын қайта жапты: АҚШ-пен текетірес күшейіп барады
Тегеран бұғазды қатаң бақылауға алып, кемелер қозғалысына шектеу қойылатынын мәлімдеді.
Иран АҚШ-тың жалғасып жатқан теңіз блокадасына байланысты Ормуз бұғазын жапқанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ "Хатем әл-Анбия" орталық штабына сілтеме жасап.
Ормуз бұғазына қатаң бақылау АҚШ Иранға кіретін және шығатын кемелердің еркін қозғалысына рұқсат бергенге дейін жалғасады.
Иран АҚШ тарапынан теңіз блокадасы жалғасып жатқанын алға тартып, Ормуз бұғазын қайтадан жапқанын мәлімдеді. Бұл туралы ирандық БАҚ Иран Қарулы күштерінің әскери әрекеттеріне жауап беретін «Хатем әл-Анбия» орталық штабына сілтеме жасап хабарлады.
Хабарламада Иран келіссөздер барысында қол жеткізілген уағдаластыққа сәйкес, ізгі ниет белгісі ретінде азаматтық кемелердің шектеулі бөлігіне бақылаумен өтуге рұқсат бергені айтылған. Алайда ирандық әскерилердің мәлімдеуінше, АҚШ «бұрынғыдай» өз міндеттемелерін орындамай, теңіз блокадасын жалғастырған.
Осыған байланысты Ормуз бұғазы қайта жабылғаны және ол Иран Қарулы күштерінің қатаң бақылауында болатыны жарияланды.
Ормуз бұғазына қатаң бақылау АҚШ Иранға бағытталған және Ираннан шығатын кемелердің еркін қозғалысына рұқсат бергенге дейін сақталады, – деп атап өтті штаб.