Бүгiн 2026, 16:14 Фото: istockphoto.com

Иран Ормуз бұғазы арқылы өтуге тағы бір елге рұқсат берді

Иран Ормуз бұғазы арқылы Ирак кемелерінің өтуіне рұқсат берді. Бұл шешім мұнай экспортын тәулігіне 3 млн баррельге дейін арттыруы мүмкін.

Иран билігі Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасына қойылған шектеулерден Иракты (ОПЕК-тегі мұнай өндіру көлемі бойынша екінші ел) босатты. Бұл туралы Иранның мемлекеттік ақпарат агенттігі жариялаған араб тіліндегі видеоүндеуде ирандық әскерилердің өкілі мәлімдеді, деп хабарлайды  BAQ.KZ Bloomberg-ке сілтеме жасап.

«Бауырымыз Ирак Ормуз бұғазында енгізілген барлық шектеулерден босатылды», – делінген мәлімдемеде.

Агенттік атап өткендей, бұл шешім Ирак мұнайының экспорт көлемін тәулігіне үш миллион баррельге дейін арттыруы мүмкін.

Дегенмен оның нақты әсері сақталып отырған қауіп-қатер жағдайында кеме компанияларының бұғазға кіруге қаншалықты дайын болатынына байланысты болмақ. Мақалада бұл жеңілдік Ирактың бүкіл экспортына қатысты ма, әлде тек ел туы астындағы кемелерге ғана тарай ма, сондай-ақ оның қалай іске асырылатыны әзірге белгісіз екені айтылған.

АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысы аясында Ормуз бұғазындағы қозғалыс біртіндеп қалпына келе бастағанымен, соғысқа дейінгі деңгейден әлі де едәуір төмен. Bloomberg мәліметінше, бұған дейін бұл бұғаз арқылы әлемдік мұнай мен сұйытылған табиғи газ жеткізілімінің шамамен бестен бірі өтетін.

Соғыстың алғашқы апталарында Ирак және Парсы шығанағындағы өзге де негізгі мұнай өндірушілер өндірісті күрт қысқартуға мәжбүр болды. Себебі негізгі экспорттық бағыт жабылып, мұнай сақтайтын резервуарлар шегіне дейін толып қалған.

Наурызда Ирак мұнайының экспорты шамамен 97 пайызға төмендеп, тәулігіне 99 мың баррельге дейін түскен. Агенттік жазуынша, негізгі жеткізілімдер Түркия арқылы Жейхан портына баратын құбыр желісімен жүзеге асырылған.

Тегеранның Ирак кемелері үшін бұғазды ашу туралы шешімі теңіз арқылы жеткізілімді ішінара қалпына келтіруге мүмкіндік беруі мүмкін. Алайда мақалада танкерлер тапшылығы мен отын өндірісін ұлғайтуға қатысты белгісіздік сияқты шектеулер сақталып отырғаны атап өтіледі.

Бес аптаға созылған соғыс басталғаннан кейін Тегеран Ормуз бұғазы арқылы жүк тасымалын тоқтататынын жариялаған еді. Қазір бұл теңіз жолымен Иранға достас елдерге ғана өтуге рұқсат берілген. Tasnim агенттігінің дерегінше, олардың қатарында Ресей, Қытай, Үндістан және Пәкістан бар.