Кеше 2026, 09:10 Фото: depositphoto.com

Иран Ормуз бұғазы арқылы өтетін кемелерге жаңа талап енгізбек

Жаңа талап бойынша енгізілетін формада 40-тан астам тармақ бар.

Иран Ормуз бұғазы арқылы өтетін жүк кемелерін жаңа транзиттік хаттаманы сақтауға мәжбүрлемек. Талап орындалмаған жағдайда кемелерге шабуыл жасалуы мүмкін. Бұл туралы CNN хабарлады.

CNN мәліметінше, Иран Ормуз бұғазы арқылы өтетін барлық кеме үшін “Кеме туралы ақпарат декларациясы” атты міндетті құжат енгізген. Құжатты Парсы шығанағы бұғазы істері жөніндегі жаңа басқарма (PGSA) әзірлеген. Декларацияны кеме бұғазға кірмей тұрып электронды пошта арқылы жіберу қажет.

Формада 40-тан астам тармақ бар. Онда кеменің атауы мен IMO-нөмірі, бұрынғы атаулары, туы, баратын бағыты, кеме иелері мен операторларының, экипаж мүшелерінің азаматтығы, сондай-ақ жүк туралы толық мәлімет көрсетілуі тиіс.

PGSA өкілдері өтінімді қарау үшін “толық әрі нақты ақпараттың маңызы зор” екенін атап өткен. Тексерістен кейін “қосымша нұсқаулықтар электронды пошта арқылы жіберіледі” делінген.

Кез келген жалған немесе толық емес ақпарат бергені үшін жауапкершілік толығымен өтініш берушіге жүктеледі және оның барлық салдарына өзі жауап береді, — делінген хатта.

Ақпан айының соңынан бері АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы науқаны аясында Тегеран бұғаздағы бақылауды күшейткен. Иран билігі Ислам революциясы сақшылары корпусының әскери-теңіз күштерінен рұқсат алмаған кемелерге соққы жасалуы мүмкін екенін ескерткен.

Кейбір кемелер шабуылға ұшыраған. Осыған байланысты көптеген оператор Ормуз бұғазы арқылы өтуден уақытша бас тартқан.

Бұған дейін Иран АҚШ немесе Израильмен байланысты кемелердің транзитіне рұқсат бермейтінін мәлімдеген еді. Қалған кемелер Тегеранның келісімімен ғана өте алады. Қазір Үндістан мен Пәкістан өз флоттарының қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету үшін келіссөз жүргізіп жатыр.

Транзит үшін ақы алынатыны әзірге белгісіз. CNN дерегінше, Тегеран бұғазды табыс көзі ретінде қарастырып отыр. Бір кеме үшін 2 миллион долларға дейін төлем алу мәселесі талқыланған.

Оқи отырыңыз: 

Трамп: Иран келісімге келмесе, шабуыл күшейеді

Иран АҚШ-ты атысты тоқтату режимін бұзды деп айыптады