26 Тамыз 2026, 07:50 Фото: depositphotos.com

Иран мен Оман Ормуз бұғазында уақытша теңіз дәлізін құруға келісті

Келісім аясында тараптар уақытша дәлізді бірлесіп минадан тазарту және кемелердің қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету жұмыстарын жүргізбек.

Иран мен Оман Ормуз бұғазында кеме қатынасын қалпына келтіру үшін бірлесіп басқарылатын уақытша теңіз дәлізін құру жөнінде келісімге келді. Бұл туралы тараптардың келіссөздерінен кейін Иран Сыртқы істер министрлігі хабарлады.

Келісім аясында тараптар уақытша дәлізді бірлесіп минадан тазарту және кемелердің қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету жұмыстарын жүргізбек.

Сонымен қатар Тегеран мен Маскат Ормуз бұғазында тұрақты кеме қатынасы бағытын құру бойынша техникалық келіссөздерді жалғастыруға уағдаласты. Иран СІМ басшысының орынбасары Казем Гарибабадидің айтуынша, келіссөздер 30-дан 60 күнге дейін созылуы мүмкін. Осы кезеңде тараптар бұғазды бірлесіп басқару тетігі мен тұрақты маршруттың параметрлерін келісуді жоспарлап отыр.

Алдын ала келісім бойынша Парсы шығанағына кіретін кемелер Иран сулары арқылы, ал шығатын кемелер Оманның аумақтық сулары арқылы өтетін бағытты пайдаланбақ. Келісілген транзиттік дәліздің ені шамамен 7 миль болады.

Иран Сыртқы істер министрі Аббас Арагчи Оманмен жасалған уағдаластықты аймақтық мәселелерді өңір мемлекеттерінің өзара келісімі арқылы шешудің үлгісі деп атады.

«Оманмен серіктестікте ұсынылған жаңа дәліз, минадан тазарту жұмыстары және Ормуз бұғазын болашақта басқару тетігі – аймақтық шешімнің мысалы», – деді Арагчи.

Тараптар Парсы шығанағындағы қауіпсіз кеме қатынасын қамтамасыз ету мақсатында өңірдегі басқа мемлекеттермен де келіссөздер жүргізуге дайын екенін мәлімдеді.