Бүгiн 2026, 17:12 Фото: pixabay.com

Иран мен Оман Ормуз бұғазы арқылы өтудің жаңа тәртібін талқылап жатыр

Өңірдегі кеме қатынасы ережелеріндегі кез келген өзгеріс халықаралық қауымдастықтың жіті назарын аударып отыр.

Иран мен Оман Ормуз бұғазы арқылы кемелердің өтуінің жаңа тәртібін қалыптастыру мәселесін талқылап жатыр. Бұл туралы Иран Ұлттық қауіпсіздік жоғарғы кеңесі хатшысының орынбасары Али Багери мәлімдеді.

Интерфакс агенттігінің хабарлауынша, бұғаз арқылы кеме қатынасының қазіргі тәртібі өзгереді.

Ормуз бұғазы арқылы өту шарттары мен тәртібі бұрынғыдай болмайды. Мүлде жаңа жүйе қалыптасады, – деді Али Багери Ресейде өткен халықаралық қауіпсіздік форумында сөйлеген сөзінде.

Оның айтуынша, Тегеран мен Маскат жағалаудағы мемлекеттер ретінде стратегиялық маңызы бар бұғаз арқылы өтудің жаңа тетіктерін қазірдің өзінде талқылап жатыр.

Ормуз бұғазы әлемдік мұнай мен газ саудасындағы ең маңызды бағыттардың бірі саналады. Сондықтан өңірдегі кеме қатынасы ережелеріне қатысты кез келген өзгеріс халықаралық қауымдастықтың ерекше назарын аударып отыр.