Иран мен Израиль тайталасы. Трамп төрелік жасауды төбелеспен шешпек
Дональд Трамп АҚШ Иранның ядролық нысандарын қалпына келтіруге әрекеттенсе, оларға жаңа соққы беруге дайын екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
ТАСС агенттігінің хабарлауынша, Израиль 13 маусымға қараған түні Иранға қарсы әскери операция бастады, бір тәулік өтпей-ақ Иран жауап қайтару шабуылын бастады. АҚШ қақтығыстың шиеленісуінен тоғыз күн өткен соң, Иранның Фордо, Натанз және Исфахандағы ядролық нысандарына соққы берді.
23 маусым күні кешке Иран Американың Таяу Шығыстағы ең ірі әуе базасы Катардағы Әл-Удейд әуе базасына шабуыл жасады. Осыдан кейін Трамп Израиль мен Иран бітімге келісті деп мәлімдеді.
Атысты тоқтату келісімі 24 маусымда күшіне енді. Енді америкалық көшбасшы жаңа мәлімдеме жасады.
Біз олардың ядролық мүмкіндіктерін жойдық. Олар бәрін қайта бастауы мүмкін. Егер олай жасаса, біз ядролық нысандарды саусақтарыңызды шерткеннен де тезірек жоямыз. Біз мұны істеуге мәжбүр боламыз, - деді Трамп Шотландияда Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармермен кездесуінің қорытындысында.