Иран мен АҚШ шабуылдарды тоқтатып, келіссөздерді қайта бастауға келісті
Келіссөздердің келесі кезеңі сейсенбі күні Катарда өтеді.
Иран мен АҚШ шабуылдарды тоқтатып, келіссөздерді қайта бастауға келісті. Бұл туралы америкалық жоғары лауазымды шенеунік мәлімдеді.
Reuters таратқан ақпаратқа сәйкес, тараптар Парсы шығанағындағы әскери іс-қимылдарды уақытша тоқтатып, Ормуз бұғазына қатысты дауды дипломатиялық жолмен шешу үшін келіссөздерді қайта жандандыруға уағдаласқан. Техникалық келіссөздер 17 маусымда қабылданған 14 тармақтан тұратын меморандум аясында жалғасады.
Axios басылымының хабарлауынша, келіссөздердің келесі кезеңі сейсенбі күні Катарда өтеді.
Бұған дейін Иран Кувейт пен Бахрейндегі АҚШ әскери нысандарына зымыран және дрондармен соққы жасаған болатын. Өз кезегінде АҚШ Иранды уақытша бітім режимін бұзды деп айыптаса, Тегеран да Вашингтонға осындай кінә тақты.
Сонымен қатар, Израиль Ливанның оңтүстігіндегі «Хезболла» қозғалысының нысандарына қайтадан соққы жасағанын мәлімдеді.
АҚШ президенті Дональд Трамп бұған дейін Иран келісім талаптарын орындамаса, әскери операцияларды қайта күшейтуі мүмкін екенін ескерткен еді.
Егер бұл келісім жүзеге асса, тараптар Ормуз бұғазы арқылы халықаралық кеме қатынасын толық қалпына келтіріп, ядролық бағдарламаға қатысты келіссөздерді жалғастыруға мүмкіндік алады.