14 Шілде 2026, 17:20 Фото: depositphoto.com

Иран мен АҚШ Ормуз бұғазы үшін күресті күшейтті

Шиеленіс салдарынан мұнай бағасы қымбаттады.

Иран мен АҚШ арасындағы әскери шиеленіс қайта күшейіп, тараптар Ормуз бұғазын бақылау үшін шабуылдарын жалғастырып жатыр. Бұл жағдай әлемдік мұнай бағасының соңғы төрт аптадағы ең жоғары деңгейге көтерілуіне әсер етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Сейсенбі күні Иран Иорданиядағы АҚШ-тың әскери әуе базасына баллистикалық зымырандар ұшырған, деп жазады Reuters. Бұған жауап ретінде АҚШ бес сағат бойы Ирандағы нысандарға соққы жасаған.

АҚШ әскері Иран сенбі күні Ормуз бұғазын жабатынын мәлімдегеннен кейін үшінші түн қатарынан шабуылдарын жалғастырып келеді. Осыған байланысты АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның теңіз тасымалына қойылған блокаданы қайта күшейтіп, Ормуз бұғазы арқылы өтетін кемелердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 20 пайыздық қорғау төлемін енгізуді ұсынған.

Сарапшылардың пікірінше, жаңа шабуылдар өткен айда қол жеткізілген уақытша келісімнің соғысты толық тоқтатуға жеткіліксіз болуы мүмкін екенін көрсетеді. Төрт айдан астам уақытқа созылған қақтығыс әлемдік энергия тасымалына кері әсерін тигізіп, инфляцияның өсуіне қатысты алаңдаушылықты күшейткен.

Аймақтық сарапшылар әзірге әскери іс-қимылдар бақылауда екенін, екі тарап та оны бейбіт келіссөздердегі қысым тетігі ретінде пайдалануға тырысып отырғанын айтады. Дегенмен жағдайдың бақылаудан шығып кету қаупі сақталып отыр.

Карнеги қорының Таяу Шығыс орталығының аға ғылыми қызметкері Йезид Сайигтің айтуынша, қазіргі жағдайда тараптардың толық ауқымды соғысқа қайта оралуы екіталай.

Меніңше, екі тарап та толыққанды соғысты қайта бастауға асықпайды. Себебі мұндай жағдайда Трамптың өзі де саяси шығынға ұшырайды. Бірақ ирандықтардың өз күшін асыра бағалау қаупі бар. Мұндай қауіп Трампқа да қатысты, – деді сарапшы.

Осы оқиғалардың аясында сейсенбі күні Brent маркалы мұнайдың фьючерстік бағасы барреліне 86 доллардан асты. Дегенмен бұл көрсеткіш соғыс басталғаннан бергі ең жоғары деңгейден әлі де төмен екені айтылды.