Иран Израильдің 700 тыңшысын ұстап, үшеуін өлім жазасына кесті

Иранда Израильдің пайдасына тыңшылық пен диверсия жасады деген күдікпен 700 адам ұсталды, оның ішінде үшеуі дарға асылып, өлім жазасына кесілді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Fars News агенттігіне сілтеме жасап.

Иран билігінің мәліметінше, ұсталғандар арасында ел бойынша әрекет еткен тыңшылық желілерінің агенттері мен жалдамалылары бар. Ұсталғандар Тегеран, Исфахан, Керманшах, Хузестан, Фарс және Лурестан аймақтарында жаппай операция кезінде қолға түскен.

Иран мен Израиль арасындағы шиеленіс басталғалы бері, ирандық қауіпсіздік күштері Израильдің "Моссад" барлау қызметінің бірнеше агентін және олардың жүздеген сыбайласын ұстаған.

2025 жылғы 25 маусымда Батыс Әзербайжан аймағындағы Урмия қаласында Идрис Али, Азаде Шоджаи және Расул Ахмад Расул есімді үш азамат дарға асу арқылы өлім жазасына кесілді. Олар жау мемлекеттермен ынтымақтастық орнату, қару-жарақ пен арнайы жабдықты елге алкоголь өнімі ретінде кіргізу және белгілі бір ирандық тұлғаны өлтіруге қатысы бар деп танылған.

Сот үкімдері Иранның Жоғарғы соты арқылы расталып, заңды күшіне енген.

Иранның сот жүйесі басшысы Голамхоссейн Мохсени Эджеидің айтуынша, қалған күдіктілерге де ауыр жаза тағайындалуы мүмкін, ал сот процесі жақын арада жалғасады.

Бұған дейін Израиль Иранның ядролық бағдарламасына соққы беру мақсатында кемінде 14 ғалымды өлтіргенін жаздық.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы