Иран Google мен Microsoft-тың дата-орталықтарын атқыламақ
Таяу Шығыстағы әскери қақтығыс цифрлық кеңістікке де ауысып барады.
Иранда жауап ретінде жасалуы мүмкін соққылардың нысанасына тек банктер ғана емес, ірі америкалық компаниялардың технологиялық инфрақұрылымы да ілігуі ықтимал екені айтылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Aljazeera-ға сілтеме жасап.
Ықтимал нысандар тізіміне Google, Microsoft, Nvidia, IBM, Oracle және Palantir компанияларына тиесілі объектілер енгізілген. Әңгіме, ең алдымен, Израиль мен Парсы шығанағы елдерінде орналасқан дата-орталықтар, бұлтты сервистер және компаниялардың кеңселері туралы болып отыр.
Мұндай мәлімдемені Иранның әскери қолбасшылығының орталық штабы — «Хатам әл-Анбия» жасады. Тегеран кейбір батыс компанияларының технологиялары елге қарсы жүргізілген әскери операцияларда қолданылған болуы мүмкін деп санайды.
Қауіп туралы ескертуге Иран банктерінің біріне жасалған шабуыл түрткі болған. Штаб өкілінің айтуынша, осыдан кейін Иран өңірдегі «АҚШ пен Израильмен байланысты экономикалық орталықтар мен банктерге» соққы жасау құқығын өзінде қалдырады.
Таяу Шығыс елдерінің тұрғындарына да банктер мен батыс компанияларымен байланысты болуы мүмкін басқа да экономикалық нысандарға бір шақырымнан жақын бармауға кеңес берілді.
Егер мұндай соққылар шынымен технологиялық инфрақұрылымға бағытталса, онда сөз, ең алдымен, мәліметтер сақталатын әрі интернет сервистер жұмыс істейтін дата-орталықтар туралы болмақ. Банктік жүйелер, корпоративтік бағдарламалар және көптеген онлайн қызметтер дәл осы орталықтар арқылы жұмыс істейді. Мұндай жағдайда өңірде төлем жүйелерінде, интернет сервистерде және компаниялардың қызметінде іркілістер туындауы мүмкін.
Сонымен қатар жаһандық деңгейде Google немесе Microsoft сияқты сервистердің толық тоқтап қалуы екіталай. Өйткені олардың жүйелері әлемнің ондаған дата-орталығына бөлініп орналасқан. Бірі істен шыққан жағдайда қызмет көрсету әдетте басқа серверлерге ауыстырылады.
Дегенмен Таяу Шығыс елдері үшін салдары сезілуі мүмкін: сервистердің жылдамдығы төмендеп, банктер мен компанияларда өздерінің цифрлық жүйелеріне қол жеткізуде уақытша қиындықтар туындауы ықтимал.