Иран факторы мен бензин бағасы: Америкалықтар Трампты бұрынғыдан аз қолдай бастады
Оның рейтингі рекордтық минимумға жетті.
АҚШ президенті Дональд Трамптың қызметін мақұлдау деңгейі оның Ақ үйге қайта оралғанынан бергі ең төменгі көрсеткішке түсті. Reuters/Ipsos жүргізген сауалнама деректеріне сәйкес, мемлекет басшысының жұмысын америкалықтардың 36%-ы қолдайды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бір апта бұрын бұл көрсеткіш 40% болған.
Сауалнама төрт күн бойы онлайн форматта өтті. Оған 1272 ересек америкалық қатысты. Статистикалық қателік шегі – 3 пайыздық тармақ.
Себептері мен салдары
Reuters мәліметінше, рейтингтің төмендеуіне негізгі себептердің бірі – 28 ақпанда АҚШ пен Израильдің Иранға жасаған соққыларынан кейін бензин бағасының қымбаттауы. Сонымен қатар, респонденттердің небәрі 25%-ы Трамптың өмір сүру құнына бақылау жүргізу бағытындағы іс-қимылдарын қолдаған. Бұл мәселе оның 2024 жылғы сайлауалды науқанының басты уәделерінің бірі болған.
Трамп бұған дейін болдырмауға уәде берген Иран төңірегіндегі әскери шиеленістің күшеюі де қолдау деңгейіне әсер етті. Сауалнама нәтижесіне қарағанда, америкалықтардың тек 35%-ы АҚШ-тың соққыларын құптайды, ал 61%-ы қарсы. Салыстырмалы түрде айтсақ, операция басталғаннан кейін бірден қатысушылардың 27%-ы қолдау білдірген, 43%-ы қарсы болған, ал 29%-ы нақты жауап беруге қиналған.
Республикашылдар арасындағы қолдау әлі де жоғары – шамамен 80%-ы президенттің қызметін жалпы мақұлдайды. Дегенмен, өмір сүру құнына қатысты саясатқа көңілі толмайтындардың үлесі партия ішінде 27%-дан 34%-ға дейін өскен.
Рейтингтің төмендеуіне қарамастан, бұл әзірге қарашада өтетін Конгреске аралық сайлау алдындағы республикашылдардың позициясына әсер еткен жоқ. Тіркелген сайлаушылардың 38%-ы экономика мәселесінде республикашылдар тиімді жұмыс істеп жатыр деп санайды, ал демократтарды 34% қолдайды.