Иран факторы: АҚШ акциялары күрт құлдырауы мүмкін
АҚШ қор нарығының құлдырау қаупі 35%-ға жеткен.
Инвесторлар Иранмен соғысқа байланысты АҚШ нарығы 35%-ға дейін құлдырау ықтималдығын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Bloomberg-ке сілтеме жасап.
Танымал америкалық инвестор Эд Ярденидің пікірінше, Ирандағы соғыстың ушығуы салдарынан биыл АҚШ акциялары күрт құлдырау қаупіне жиі ұшырауы мүмкін. Ол америкалық қор нарығының құлау ықтималдығын 20%-дан 35%-ға дейін арттырып, ал оның өсу мүмкіндігін 20%-дан 5%-ға дейін төмендетті, деп хабарлайды Bloomberg.
Бұл көрсеткіштердің өзгеруі мұнай бағасының күрт қымбаттауы және инвесторлардың Таяу Шығыстағы қақтығыс ұзаққа созылуы мүмкін деген болжамға дайындала бастауымен байланысты. Сонымен қатар АҚШ Федералдық резерв жүйесінің пайыздық мөлшерлемелерді төмендетеді деген үміт те әлсірей түсті. Инвесторлар экономикалық өсім баяулауы мүмкін екенін және сонымен қатар инфляцияның қайта күшею ықтималдығын ескеріп отыр.
Егер мұнай нарығындағы соққы ұзаққа созылса, инфляцияның өсуі мен жұмыссыздықтың арту қаупі ФРЖ-ның қос міндетін қиын жағдайға қалдыруы мүмкін, – деп жазды Ярдени өз жазбасында.
Соған қарамастан, әзірге АҚШ акциялары басқа әлемдік нарықтармен салыстырғанда азырақ зардап шекті. Өткен аптада S&P 500 индексі 2%-ға төмендесе, MSCI кең ауқымды индексі 3,7%-ға құлдырады.
АҚШ нарығының салыстырмалы түрде тұрақты болуы елдің Азиямен салыстырғанда энергетикалық тұрғыдан өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейінің жоғары болуымен түсіндіріледі. Бұған қоса, жасанды интеллектке кететін шығындар мен бизнес жұмысына ықтимал іркілістерге қатысты алаңдаушылық америкалық акциялардың позициясын бұған дейін-ақ әлсірете бастаған еді.
Ярдени өз болжамдарының дәлдігімен танымал. Мысалы, желтоқсан айында ол «Тамаша жетілік» деп аталатын ірі технологиялық компаниялардың акцияларындағы үлесті қысқартуға кеңес берген. Ол олардың бағасы төмендейді деп болжаған еді. Кейін дәл солай болды.