Иран ешқашан соғыс бастаған жоқ – Пезешкиан
Пезешкианның хатында атысты тоқтату немесе бітім жасау туралы ештеңе айтылмаған.
Иран президенті Масуд Пезешкиан АҚШ халқына арналған хатында Иран ешқашан соғыс бастаған жоқ деп мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ ВВС-ге сілтеме жасап.
Хат жарияланған бірнеше сағаттан кейін АҚШ президенті Дональд Трамп «Ирандағы жаңа режимнің басшысы» – нақты кім екенін атамай – АҚШ-тан атысты тоқтатуды сұрағанын мәлімдеген еді. Трамп әлеуметтік желідегі хабарламасында «Ормуз бұғазы ашылып, қауіпсіз болған кезде ғана атысты тоқтатуды қарастырамыз. Ал қазір Иранды жер бетінен жоятын боламыз немесе, олардың сөзінше, тас дәуіріне қайтарамыз!» деп жазған.
Пезешкианның хатында атысты тоқтату немесе бітім жасау туралы ештеңе айтылмаған. Сонымен бірге, Иран халқы қарапайым американдықтарға, еуропалықтарға немесе көршілес мемлекеттердің халықтарына жаулық сезімінде еместігін жеткізген. Ол хатында «конфронтация мен ынтымақтастық арасындағы таңдау келер ұрпақ үшін болашақты анықтайтынын» атап көрсеткен.